Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов вице-министрлердің, комитет төрағаларының және ҚР МСМ аппарат басшысының қатысуымен аппараттық кеңес өткізді. Күн тәртібіндегі басты тақырып – лудоманиямен күрес.
Букмекерлік кеңселерге бақылау күшейеді
502
оқылды

«Мәдениет және спорт министрлігі жанынан заңға өзгерістер енгізу үшін жұмыс тобы құрылып, белсенді жұмыс атқарып жатыр. Бүгінгі таңда қала көшелеріне қарайтын болсақ, елордадан бастап шалғайдағы ауылға дейін әрбір көшеде билбордтар, баннерлерде құмар ойындардың жарнамасы тұр. Ешқандай тәртіп жоқ. Сондықтан бұнын бәрін тоқтатуымыз керек. Қажет болса, букмекерлер өздерінің жарнамаларын тек демеушілік ететін спорттық іс-шараларда және өз кеңсе ғимараттарына ғана орналастыра алатындай етіп заңнаманы күшейтетін боламыз. Бұл мәселені шешуді созбай, тез арада шешім қабылдауымыз маңызды. Осы бағыттағы жұмысты күшейтуіміз керек»,- деді Асхат Оралов.

Министр бүгінгі таңда елімізде букмекерлік кеңселердегі жағдай түзеліп келе жатқанын айтты. Соңғы 2,5  жылда олардың саны 38-ден 16-ға дейін азайды. Қазір 4 букмекерлік кеңсенің лицензиясының күшін жою бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жыл басынан 5 лицензия қайтарып алынды.