Шымкент трансплантация орталығына айналып келеді.
Асылбеков жүрегін ауыстырған науқаспен жүздесті
2,926
оқылды

Үшінші мегаполисте бүйрек, бауыр ағзасын ауыстыру оталарының сәтті өтіп келе жатқанын айтып жүрміз. Жуырда үшінші мегаполисте алғаш рет жүрек орталығында 61 жастағы тұрғынға жүрек трансплантациясы жасалды.

Ота кезінде кардиохирургтер науқасқа 46 жастағы ер адамның жүрегін ауыстырып берді. 5 сағатқа созылған ота сәтті өткен. Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Күрделі операциядан кейін тоғызыншы күні дәрігерлер науқастың жүрек  тамырына стент орнатты. Бүгінде  пациенттің жағдайы жақсы. Жүрегін алмастырған  науқас  медицина мамандарының бақылауында. 

 

Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков  жүрегін алмастырған науқастың халін білу үшін ауруханаға арнайы барды.

Басқарма басшысы науқастың қазіргі денсаулық жағдайын сұрап, тезірек жазылып, отбасына оралуына тілеулес екенін жеткізді. Сондай-ақ қаланың бас дәрігері пациентке жасалған трансплантациялық отаның қала медицинасын дамуындағы зор жетістік екенін атап өтті. 

«Біздің жергілікті кардиохирургтер Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы мамандарымен бірлесіп, отаны сәтті жасап шықты. Осы орайда  отаны жасаған білікті дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қала тұрғындарының саулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барынша қызмет етеміз», – деді басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков. 

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы