Институт өкілдері «AMANAT» партиясының облыстық филиалына институттың базалық қаржыландыру мәселесін қайта қарауды сұраған болатын.
«AMANAT»: Күріш институтына қолдау көрсетіледі
1,105
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі ғылым саласының маңыздылығын арттыру үшін 2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражатты 6 есе, ғылымға бөлінетін қаржыны 7 есе өсіруге қатысты тапсырма берген болатын. Соның негізінле «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында  білім және ғылым саласын қаржыландыру мен сала қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту мәселесіне ерекше мән беріліп отыр.

Сыр өңіріндегі «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» өңір экономикасының тұрақты дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Институт азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, заманауи технологияларды ендіру және мелиоративтік-экологиялық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. 

Бүгінде бұл институт ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты емес. Нақты айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрылымдық ұйымына қарайды. Соның негізінде биылдан бастап институттар базалық қаржыландырудан қағылып, біржолғы мемлекеттік грант және жобалар арқылы қаржыландырылатын болды.

Бұл бірінші кезекте тұрақты түрде ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берер емес. Оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сорттарын шығаруға, шаруашылықтарды сапалы репродукциялық тұқымдық материалдармен толық қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетті арттыруға кері әсерін тигізуде. 

Соған орай ғылым өкілдері  «AMANAT» партиясының облыстық филиалына  институттың базалық қаржыландыру мәселесін қайта қарап, оң шешілуіне қолдау көрсетуді сұраған еді. 

«Ғылым өкілдері көтерген мәселе партия назарына алынып, облыстық филиал жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері бойынша кеңес отырысында қаралды. Партияның Орталық аппараты мен ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракциясына, ҚР Ауыл шаруашылығы, ҚР Ғылым және жоғары білім, Қаржы министрліктеріне тиісті ұсыныстар жолданды», – деп мәлімдеді бұл жайында облыстық партия филиалының баспасөз хатшысы Нұрлыбек Қасымов.

Түйткілдің түйінін тарқату үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының фракциясы мүшесі, Мұрат Ергешбаев ҚР Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаевқа депутаттық сауал да жолдады.

Нәтижесінде Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті гранттық қаржыландыру және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы бұйрықтың жобасын әзірлеген.

Қазіргі уақытта бұйрықтың жобасы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша үшінші тұлға ретінде жұмыстарды орындай отырып, соңғы бес жыл ішінде үздіксіз базалық қаржыландыруды алатын ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық қаржыландыру субъектілерінің тізбесіне енгізу көзделуде. Осы арқылы, 2023 жылы «Ы. Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институты» ЖШС базалық қаржыландыру субъектілерінің тізбесіне енгізіліп, мәселе оңтайлы шешімін табады деп күтілуде.

Жалпы Сыр өңіріндегі іргелі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары күріштің танымал маржан сортын шығарғаны белгілі. Бүгінде білікті мамандар жаңадан сапалық көрсеткіштері жоғары «Сыр сұлуы», «Айсара», «АйКерім» сұрыптарын қолданысқа енгізді. Сонымен қатар, мал шаруашылығын өрістетуге көңіл бөліп, жоңышқаның, түйежоңышқаның жаңа сұрыптарын дайындауда. Бидай мен қауынның өнімділігін арттыруға да баса назар бөліп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы