Ауғанды тағы ала алмады
Ауғанды тағы ала алмады
356
оқылды
АҚШ Ауғанстанда 19 жыл соғысып, бұл елден әс­ке­рін шығаруға бел бай­ла­ды. КСРО-ның өзі армия­сын осы таулы өлкеден бір­ден шығара қоймаған еді. Америка да сарбаз қай­тару операция­сын 14 айға созбақ. Сонымен, До­на­­льд Трамп мұндай қа­дам­ға неге барды? Ауғанс­тан АҚШ үшін екінші Вьет­нам­ға айналған жоқ па? 29 ақпан күні Қатар аста­на­сы Доха қаласында АҚШ өкіл­дері мен «Талибан» қоз­ға­лы­сының жетекшілері кездесіп, 19 жылға созылған соғысқа нүкте қоятын келісім жасасты. Бү­гін­нен-ақ бұл кездесуге та­рихи деген баға берілуде. Алайда бәрі олай ойламайды екен. Мәселен, Иран бұл АҚШ-тың капитуляциясы деген мәлім­д­еме таратты. Сөз болған кез­де­суде құжатқа АҚШ-тың Ау­­ған­стан бойынша арнайы өкі­лі Залмай Халилзад пен «Та­ли­бан» жетекшілерінің бірі Абдул Ғани Барадар қол қойды. Сондай-ақ бұл шараға АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Пом­пео, БҰҰ, НАТО, ШЫҰ-ның өкілдері қатысты. Аталған құжатқа сай, қос тарап келесі шарттарды орын­­дау­ға келісті. Егер тали­бан­дық­тар келісімді бұзбаса, АҚШ 14 айда әскерін шығарады. Бұ­дан бөлек, АҚШ және Ауған­стан үкіметі 5 мың «Талибан» мү­ше­сін түремеден босатса, қарсы та­рап мыңға жуық тұтқынды еркіне жіберуі міндетті. Тали­бан­дықтар АҚШ пен оның ода­қтастарына шабуыл жаса­май, ауған жерін теріс мақ­сат­­та қолданбауы қажет. Атал­­­ған қарулы қозғалыстан ақы­­­рындап санкциялар алы­нып тасталады. Сондай-ақ АҚШ үкі­меті Ауғанстанның тер­­риториялық бүтіндігіне ке­піл­дік беріп, оның ішкі саяси ісі­не араласпауға міндеттеме алды. Осы арқылы АҚШ ауған же­ріндегі 13 мың әскерін еліне қай­тармақ. Мұндай құжат АҚШ-тың келісімінсіз қабылданбайтыны белгілі. Оған қоса, құжат шарт­та­рына қарасақ, міндеттеменің көп­шілігі Вашингтонның мой­нында әрі олар бұған де­йін жүргізілген қарулы опе­ра­­цияның мәнін жоятын мағынадағы шарттар. Егер бұл келісім АҚШ-қа тиімсіз болса, онда Трамп мұндай қадамға неге барды? 19 жыл жүргізілген соғыс, талай сарбаздың қазасы, ғала­мат қаржылай шығын бос­қа кеткені ме? Әрине, ойға келетін бірінші жауап – АҚШ-тағы биылғы пре­зидент сайлауы. Олай дейті­ні­міз, Трамп билікке келмес бұрын армияны Ауғанстаннан шығарамын деп уәде берген. Міне, сол уәдесін орындау үшін ол талибандықтардың қой­­ған шар­тына көнген секілді. Себебі әс­кер шығарып, уәдесін орын­да­ды деген аргумент сай­лау ал­дында Трампқа саяси салмақ беруі әбден мүмкін. Неге? Бұ­ған дейін экс-президент Барак Оба­ма АҚШ армиясын Ирак және Ауғанстаннан елге қай­­та­рамын деп сан рет мәлім­деп, оның үдесінен шыға ал­ма­ған еді. Сондықтан әскер мә­се­ле­сі – Америка қоғамында ма­­ңызды тақырып. Әсіресе, бұл сай­лауал­ды кампания, сай­лау­­дағы дебат кезеңінде өткір мә­селеге айналады. Осы жайт­тар­­ды ескерсек, Трамп сай­лауда жеңу үшін барлық қадамға ба­ру­ға даяр екенін байқау қиын емес. Дональд Трамп өзіне тиім­­сіз болса да, дегенінен қайт­­­­пайтын саясаткер еке­ні бел­гілі. Мәселен, был­тыр Си­р­иядан әскерін шы­ға­­ра­мын деп мәлімдеме жа­­са­­ғанда оны де­мократтар да, өз пар­тия­лас­та­ры – респуб­ли­­­­ка­лық­тар да сын садағына алған. Өйт­кені ол осы шешімі ар­қылы Сириядағы жетекші рөлді Ресейге бергенін мо­йын­дады деуге болады. Со­лай болып та жатыр. Қазір Си­рия­ның ішкі ісінде Башар Асад­ты қолдаған Мәскеудің сөзі жүріп тұр. Сарбаздар елге аман оралды деген аргумент айтылса да, АҚШ-тың әскери қол­басшылары, саясаткерлері бұл шешімге көңілі толмады. «Тали­бан» қозғалысымен ке­лі­сімге келуінде де осы мән­дес әре­кеттерді байқауға болады. Трамп «Талибан» қозға­лы­сымен келісімге келгені үшін тағы да қатты сынға ұшы­ра­уы мүмкін. Оған бірнеше се­беп бар. Біріншіден, АҚШ Ау­­­ғанстанда үлкен шығынға ұшы­­рады. 19 жыл уақытын жұм­­­­сады. Осы уақыт аралы­ғын­­­да америкалықтар 2 300 сар­­­базынан айырылып, 20 мың­­­­нан астамы жараланды. Көп­­­шілігі мүгедек болды. Тек 2014 жылдан бері 45 мың Ау­ған­стан үкіметінің әскері көз жұм­ды. 92 мыңдай бейбіт ха­лық опат болды. Сарапшылар 19 жылда АҚШ бюджетінен Ауғанстанға түрлі мақсаттарға 2,4 триллион доллар бөлінген дейді. Яғни, осындай ауыр шы­ғынға қарамай, Трамп қар­сы­ласымен келісімге келді. Екін­­шіден, «Талибан» – БҰҰ тер­­рористік деп таныған топ. Ал Трамп осы қозғалыспен шарт жасасып, оның өкілімен қол алысуға тапсырма беру ар­­­­­қылы террористі мойын­да­­­ды, осы арқылы оларды заң­­­дастырды деген сөз. Ал әлем­­­­­дік практикада терро­рис­тер­­­мен келіссөз жүргізілмейді де­ген қағида бар. Үшіншіден, АҚШ 2001 жылы қазан айын­да ау­ған жеріне неге басып кірді? Өйт­ке­ні сол жылы 11 қыр­күйекте Нью-Йорк және бас­қа да қа­лаларда болған ірі тер­рак­ті­лерге айыпты деп та­ныл­ған әл-Каида террористік тобы мен оның жетекшісі Усама Бен Ла­ден «талибандықтардың» же­­рінде тығылып жатты. Қолға тап­­сыруын талап еткенде, бас тартты. Яғни, Трамп тер­­рак­ті­­лер­ге жанама түрде айып­ты бол­ған «Талибан» қоз­ға­лы­сы­­мен келісімге келу арқылы ұлт­тық күресті тоқтатып таста­ған­­­дай болды. Міне, ертең АҚШ пре­зи­дентінің саяси оп­по­ненттері оған осындай айып­тар тағуы мүм­кін. Алайда екінші жағынан қа­расақ, Дональд Трамптың ше­шімінде логика бар. Ол 1989 жылғы Михаил Горбачевтың қадамын қайталады. 19 жылдан соң АҚШ армиясында жеңіс те жоқ, нәтиже де шамалы. Бі­рақ ары қарай онда әскер ұс­тау­дың мәні де аз. Себебі 19 жыл­дан кейін де Ауғанстан тер­риториясының 40 пайызын «Тали­бан» қозғалысы бақылап отыр. Жалпы, бұған дейін екі тарап арасындағы келіссөз сан рет басталған, бірақ бірнеше шабуыл ұйымдастырылған соң дипломатиялық талпыныстар тоқтатылған еді. Оған қоса, та­либандықтар Ауғанстанның қа­зіргі заңды үкіметін мойын­дау­­дан, олармен келіссөз жүр­гізу­­ден бас тартып отыр. Ал бұл жағ­дай елде қос билік орна­ға­нын көрсетеді. Сонымен өз тарихында Бри­­тан империясымен, Ке­ңес Одағымен, Америка Құ­ра­­ма Штаттары секілді ірі дер­­­жавалармен соғысып, еш­бі­­­рінің отарына айналмаған ау­ған елі тағы да тәуелсіздігін сақ­­тап қалды деуге болады. Бірақ ортақ билік, үкімет жоқ. Ауғанстан – әлі де ең ке­дей, дамуда артта қалған мем­­ле­кет­тің бірі. Индустрия, инф­ра­құрылым жайлы сөз қоз­ғау тым ерте. Алайда осыған қа­ра­май соғыс өртінің өшкені ма­ңызды. Бас аман болса, бөрік табы­лады демекші, елі аман болса, экономикасы әлі де өркендеуі ғажап емес.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА