Анасын аяусыз тепкілеп, денсаулығына ауыр зиян келтірген ақмолалық 4 жыл­ға бас бостандығынан айырылды.
Анасын ұрып абақтыға қамалды
761
оқылды

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі мәліметінше, Көкшетау қалалық сотында «ана­сының денсаулығына ауыр зиян келтірді» деген айыппен жұмыс істемейтін, бұрын сотты­лығы бар ер адамға қатысты қыс­қартылған тәртіппен (Қыл­мыс­тық кодекс­тің 106-бабының 1-бөлігі бойын­ша) қылмыстық іс қаралды.

Сотта белгілі болғандай, 66 жастағы әйел үйінде құлап, жам­бас сүйегі сынған. Оны өзінің ұлы мас күйінде ұрып-соққан. Мас болып үйіне келген ол ауы­рыңқырап жатқан анасынан тұруды талап етіп, оған айқай­лаған. Төсектен еденге итеріп, кеудесінен және ішінен тепкен. Мұнан соң ұйықтап қалған ұлы бірнеше сағаттан кейін оянып, анасының ыңырсығанын естіп, жедел жәрдем шақырған.

«Зардап шегуші жамбас сүйе­гінің жабық сынуы диагнозымен ауруханаға жатқызылды, кеуде жарақаты, алты қабырғаның сын­уы, кеуде гематомасы, жам­бас сүйегінің сынуы, іштің жара­қаты, көкбауырдың жарылуы, іш қуысында қанның жиналуы анық­­талды. Сотта ер адам кінә­сін мойындап, өкінді. Жәбір­ленуші анасы оны кешірді, ұлына еш­қандай талап қоймады, оны бас бостандығынан айыр­мауды өті­ніп сұрады», – деді ведомство.

Жаза тағайындауда сот сот­талушының қылмыстық жауап­тылығы мен жазасын жеңіл­дете­тін мән-жайларды – әрекетіне өкін­­генін, сондай-ақ ауырла­та­тын мән-жайларды – мас күйін­де қылмыс жасағанын ескерді.

«Сот үкімімен ер адамға 4 жыл­ға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және 575 398 теңге сомасында (жәбір­ленушіні емдеуге шығындар) материалдық залал өндірілді. Сонымен қатар бас бостанды­ғынан айыруды өтеу орны бойын­ша алкоголизмнен емдеу бойынша медициналық сипат­тағы мәжбүрлеу шаралары таға­йын­далды. Бас бостандығынан айыру жазасы ер адамға іс-әре­кеттің қоғамдық қауіптілігінің жоғарылауына байланысты таға­йындалады», – деп толықтырды ведомство.