Қуаныш Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірген.
Мұхтар Әблязовтың сыбайласы ұсталды – Бас прокуратура
1,218
оқылды

Алматы қаласының әуежайында елге өз еркімен оралған Мұхтар Әблязовтың сыбайласы әрі ағасы Қуаныш Нұрғазин ұсталды,  деп хабарлады Бас прокуратураға сілтеме жасап.

«Ол Әблязов басқаратын BSC ЖШС-ның номиналды директоры. Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұза отырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған. 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған», – делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ прокуратура Қуаныш Нұрғазиннің Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдіргенін мәлімдеді.

«2023 жылғы 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотталушының өтініші бойынша Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, 2023 жылғы 25 шілдеде сот оған бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу деп өзгертті. Жақын арада негізгі сот талқылауы қайта басталады. Оның жауапкершілігінің көлемін сот айқындайтын болады», – деп мәлімдеді Бас прокуратурадан.