Партиялық бақылау бекеті орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жұмыс жүргізетін болады.
Аманаттықтар елордадағы мектептің құрылысын өз бақылауына алды
885
оқылды

«AMANAT»-тың Астана қалалық филиалына қарасты партиялық бақылау комиссиясының бірқатар мүшесі «Есіл» және «Нұра» аудандарында салынып жатқан білім беру нысандарын аралады. 

Бақылау комиссиясының мүшелері Шахим Насибов және Айдос Шәріпжанов №17 мектептегі  350 орындық және Үркер тұрғын алабындағы 900 орындық білім ошағындағы қосымша ғимарат құрылысымен танысты. Олардың айтуынша, нысандарға құрылыс жұмысын жүргізуге қажетті қаржының уақытылы бөлінбеуі және арнайы жүк техникасына жол схемасының бекітілмегені салдарынан жұмыс кешіктіріліп жатыр. 

«Бүгінде қажетті қаражат бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын жүйелі бақылап отыру үшін  «Есіл» және «Нұра» ауданы бойынша 10  партиялық бекет құрылды. Бұл бағдарламаның кезеңін тиімдірек бақылауға мүмкіндік береді. Партияның сайлауалды бағдарламасында мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуге  баса мән берілген. Алайда осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс білім ошақтарының құрылысы көңіл көншітпей отыр. Қазіргі уақытта №17 мектепте ішкі әрлеу жұмыстары,  құрылыстың сыртқы қабатында кірпіш қалау және ғимараттың төбе жабынына темір құрылымы орнатылуда. 350 орынға арналған нысанды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда», – деді Шахим Насибов.

Партиялық бақылау бекеті орта мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін жұмыс жүргізетін болады. Осылайша, жергілікті жерлерде партия сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына жүйелі бақылау күшейеді.  Айта кетейік, нысандардағы техникалық паспорттарға шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері бар тақтайша орнатылған. 

Мектептегі 350 орынға арналған қосымша құрылысты 2022 жылы «SHEBERBUILD» ЖШС мердігерлік компаниясы бастаған. Құрылыс заттарының бағасының өсуіне байланысты сметалық құжаттама өзгертілді.  Мердігер компания өкілдері қаражат бөлінгеннен кейін құрылысты жеделдетуге уәде берді. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60%-ы аяқталды.