Өрт кезінде барлығы 200-ден астам адам эвакуацияланған.
ҚР ТЖМ Алматыда көпқабатты үйде болған өртке қатысты толық мәлімет ұсынды
941
оқылды

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Алматыда 16 қабатты тұрғын үй кешенінде болған өртке қатысты толық мәліметті ұсынды.

«1 тамызда сағат 17:10-да ТЖД күштері мен құралдары жоғары дәреже бойынша Алатау ауданындағы Ақкент шағынауданы, 54 мекенжайына жіберілді.

6 минуттан кейін жеткен соң, 1-ден 16-қабатқа дейін 80 шаршы метр аумақта кабель шахтасында электр кабельдері ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды.

Райымбек даңғылында көлік кептелісі болғанына және өрт сөндіру техникасының кіру жолдары тұрақта тұрған көліктермен шектелгеніне қарамастан, алғашқы өрт есептері 6 минутта жетті.

Жоғары қабаттарда және эвакуация жолдарында қою түтін мен жоғары температура қалыптасты. Тұрғындардың денсаулығына қауіп төнді.

Түтіннің қалың болуы өрт сөндіруді қиындатты. Газ-түтіннен қорғау қызметінің (ГТҚҚ) жұмысы ұйымдастырылды, ГТҚҚ мамандары 80 адамды, оның ішінде 35 адамды құтқару қалпағының көмегімен, қалған тұрғындарды арнайы техниканың көмегімен құтқарды. Барлығы 200-ден астам адам эвакуацияланды.

Адамдарды эвакуациялау және құтқару үшін 3 өрт сатысы, бесіктері бар 2 автокран, "аралас тәсілмен" қол өрт сатысы (үшсатылы баспалдақ, шабуыл баспалдағы) орналастырылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде, өрт сағат 18.46-да сөндірілді.

Оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің 50 қызметкері мен 14 техникасы, Полиция департаментінің 40 қызметкері мен 11 техникасы, құтқару қызметінің 12 қызметкері мен 6 техникасы, жедел медициналық көмектің 69 қызметкері мен 23 техникасы жұмылдырылды», - делінген министрлік мәліметінде.