Ол құтқару кезінде балаға зақым келтірмеу үшін ерекше сақтықпен қимылдаған.
Отбасымен демалып жүрген полицей әйел суға батқан баланы аман алып қалды
2,887
оқылды

Оқыс оқиға Астанадағы қоғамдық бассейндердің бірінде болды. Баланы құтқару сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, – деп хабарлады Polisia.kz.

Алдымен суда ес-түссіз жатқан баланы құтқарушы қыз шығарып алған. Артынша оны ер адам жерге көтеріп жатқызады. Осы кезде демалушы әйелдердің бірі көмекке келген. Ол шебер қимылдармен жүрек-өкпе реанимациясын жасап, баланың тынысын қайтарды.

Жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін бассейн қызметкерлері баланы дәрігерлерге тапсырды. Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

Ата-анасы баланы құтқаруға қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

Белгілі болғандай, алғашқы медициналық көмек көрсеткен әйелдің есімі – Назым Шәріпова. Ол Астанадағы Есіл аудандық Полиция басқармасында анықтаушы болып жұмыс істейді. Сол күні полицей әйел отбасымен бірге демалыста болған. Ол құтқару кезінде балаға зақым келтірмеу үшін ерекше сақтықпен қимылдаған.