Бүгін Ұлттық музей қорына ұлы ақынның қолданған заты – «Тула» самаурыны салтанатты жағдайда табыс етілді.
Абай қолданған самаурын - Ұлттық музейде
883
оқылды

Мәдениет және спорт министрлігінен мәлім еткендей, 1893 жылы жасалған, тарихи құндылығы жоғары жәдігер Абай атындағы халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры атынан беріліп отыр.

«Бұл – Семей қаласындағы меценат Бекбай Баисовтың керуен сарайында тұрған, Абай Құнанбайұлы бастаған қазақ зиялылары шай ішкен самаурын», - делінген министрлік мәліметінде.

Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев Абайдың қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан айрықша үлесін айта келе, қазақтың бас ақыны атанған ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығы әлі де толық зерттелмегенін атап өтті.

Қазіргі таңда Ұлттық музей қорында Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысы бар 42 жәдігер сақталған. Олардың арасынан ақынның жеке пайдаланған құтысын, көзі тірісінде баспадан шыққан кітаптарды және тағы басқа маңызды дүниелерді көруге болады.