Приозерск гарнизонына қарасты 06708 әскери бөлімінің аумағында жастар атыс қаруын жартылай бөлшектеу және жинау әдістерін көрсетті.
Әскери-патриоттық клубтың жастары шеберліктерін паш етті
777
оқылды

Приозерск гарнизонына қарасты 06708 әскери бөлімінің аумағында Қарағанды облыстық жастар саясаты жөніндегі басқарманың басшысы Біржан Әлімжанов 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубы мен 60601 әскери бөлімінің «Сағадат» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілерімен кездесу өткізді. Кездесуде еліміздегі жастардың тәрбиесі, оның ішіндегі өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселесі талқыланды.

Клуб тәрбиеленушілерімен кездесуге келген Қарағанды облысы жастарының басшы Б.Н. Әлімжанов алдымен дайындық барысын көзбен көрді. Тәрбиеленушілердің бір қатары автоматты атыс қаруын жартылай бөлшектеу және жинау әдістерін көрсетсе, екінші бір топта жиналғандар ластанған ауадан қорғану кезіндегі радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныстың түрлерін іс жүзінде жүзеге асырды.

Келесі кезекте алаңдағы ашық пікір алмасуда тәрбиеленушілер жастар жұмысына жетекшілік етуші басшы Біржан Нұржанұлына өздерінің түйткілді мәселелері мен өз ойларын жеткізе білді. Клуб тәрбиеленушілері ІХ Халықаралық «Айбын-2023» әскери-патриоттық жиынындағы жарқын жетістіктерімен бөлісіп, келесі жылғы Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының 10 жылдық мерейтойына тыңғылықты дайындықтың керек екендігін алға тартты. Осы ретте «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубынан тәрбиеленушілер М.Төремұрат пен Д.Мусатаева белсенділік танытса, «Сағадат» әскери-патриоттық клубынан тәрбиеленуші А.Шайхстан ерекше көзге түсті.

Кездесуге «Приозерск қаласының ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Г.К. Шарбекова мен Приозерск қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Ә.Б. Әліхан қатысты.

 

Думан Жұмашұлы,
лейтенант,
Приозерск ганизонының
баспасөз хатшысы