Соңғы жылдары БАҚ-та суицид тақырыбы жиі көтеріледі. Қыз-келіншектердің де, ер-азаматтардың да, жастардың да өзіне-өзі қол салып, қаза тапқанын есту де үйреншікті болып кеткендей көрінеді. Тіпті, қалыпты бір дүниеге айналғандай...
Суицид: Әкемнің сенімін ақтамағаныма ұялып, уланып өлмек болдым
955
оқылды

Адамның суицид жасауына не түрткі болатыны, не итермелейтінін білу мақсатында талай психологтармен де әңгімелестік. Бірде «Chrysh» психологиялық орталығына барғанымызда сондай бір жиынның үстіне түстік. Артықшылығы – бұл жерге психологтың көмегіне жүгінген жандар жиналыпты. Төрт-бес сағатқа созылған отырыста әркім іштегі сырымен бөлісіп, жан жарасын айтып жатты. Соның ішінде біз өзіне-өзі қол салып, өлмек болған келіншекпен әңгімелестік...

– Айман, (есімі өзгертілді – ред.) суицид жасауыңызға не итермеледі? Неге олай істедіңіз?

 – Ол кезде бар-жоғы 17 жастамын. Өзім Орталық Қазақстанның сонау түкпіріндегі кішкентай ғана ауылда туып-өстім. 9-сынып бітіре салып үлкен қалаға келіп, оқуға түстім. Күйеуіммен танысып, жүре бастаған кез ғой. Ол кезде қалада үлкен әпкем болатын. Мен соның қасында тұрдым. Әрине, оған ештеңе айтпасам да, ол менің бір жігітпен сөйлесіп жүргенімді сезді.  Бірде «құрбымның үйіне қонамын» деп оны алдап, жігітімнің қасында қалдым. Әрине, әпкем айтқаныма сенбеген. Қалай екенін білмеймін, әйтеуір мені тауып алды. Оның үстіне сол уақытта қонақүй де санаулы ғой. Содан бір уақытта ресепшіннен «төменге түсіп кетесіз бе, сізге біреу келіп тұр» деп хабарласты. Ойымда ештеңе жоқ. Жігітім екеуміз төменге түссек, әпкем келіп тұр. Не істерімді білмей, орнымда қатып қалдым. Әпкем мені көре салып, бірден шешеме хабарласып, менің үйге қонбай, қонақүйде жүргенімді айтып, бетіме басты. Әлгі жерде анам хабарласып, «біз сені оқу оқып жүр десек, не  не істеп жүрсің? Бәрін таста да, ауылға қайт, қала сенікі емес» деп ұрса жөнелді. Сөйтіп, аяқасты әлгі жер айқай-шу болды да кетті. «Ата – қарғысы оқ, ана қарғысы – боқ» дегендей, анамның сөзі жаныма қатты батпады. Ішімнен ұрсып-ұрсып қояды ғой деп ойладым. Ел-жұрттың бәрі бізге қарап тұр. Жігітім де қасымда, оның менен 6 жас үлкендігі бар. Ол жағдайды түсініп, жанымда үн-түсіз тұр. Бәрінен бұрын елдің емес, бәрі соның алдында өткеніне қатты ұялдым. Кірерге тесік таппадым. Оның үстіне, әпкем «кәмелеттік жасқа толмаған қызды қонақүйге әкелдің, заңды бұзғаныңды білесің бе?» деп оны да қысып алды. Сонымен қайтесің айқа-шумен тарқастық.

– Сонда әпкеңізге ренжіп, соның кесірінен өлмек болдыңыз ба?

– Сол кезде жастықпен әпкеме ренжіп, ашуланғаным рас. Бірақ бет көріспей кететіндей болғанымыз жоқ. Шынын айтқанда, бұл жерде әпкем де кінәлі емес. Өйткені ол маған жауапты жан еді ғой. Қазір екі баланы өсіріп, тәрбиелеп отырғаннан кейін жауаптылықтың не екенін түсінемін. Артыма қарайласам, осының бәрі ұялғанымнан істеппін. Сонда несіне ұялдым, кімнен және неге ұялғанымды білмеймін. Біреумен кездессем де, қонақүйге барсам да, өзімнің жігітім ғой. Құдай сақтап, үйдегі дәрі-дәрмекті ішіп уланғанмын. Екі жұма ауруханада жатып суицидпен түскендердің түр-түрін көрдім ғой... Өзге біреулер секілді 10 қабаттан құлап, уксус ішсем, бүгінгі күнді көрмес едім. Қазір аман қалғаныма Аллаға шүкір деймін.

– Ендеше жігітіңіздің алдында ұялғаныңыздан дәрі іштіңіз бе?

Қонақүйдегі жағдайдан соң бәрі басылғандай болды. Бір-екі күннен кейін әкем хабарласып, «Сендерде не болып қалды? Тыныштық па?» деп сұрады. «Ештеңе емес» деп түк болмағандай кейіп таныттым. Сонда әкем: «Бәсе, солай деп ойлағам. Сені білемін ғой. Қызым, саған сенемін» деді. Осы бірауыз сөзден кейін әкеме өтірік айтқаныма ұялып кеттім. Ұяттан өліп кеткім келді. Бала күнімнен анамнан гөрі, әкем жақын болдым. Содан болар, әкемді ұятқа қалдырдым деген оймен үйдегі дәрі-дәрмектің бәрін ішіп алдым. Сөйтіп, ауруханаға түстім. Есімді жиғанымда шешем «Саған не жетпейді, шығар жолың осы ма?» дегенде не дерімді білмедім. Шынымды айтсам, ол кезде өзіме не керегін де түсінбедім. Салдарынан екі жұмадай сабаққа бармадым. Мұғалімдер де ештеңе демеді. Учаскелік милиция да «бірінші жолға сенің жағдайыңды тіркемеймін. Егер тіркесем, бұл жағдай өмірбақи алдыңнан шығады да тұрады. Ал егер екінші рет қайталасаң, өзіңнен көр» деді.  Сонымен менімен психолог та айналыспады. Сөйтіп, ешкімге ештеңе айтпай өз ішімде қалды.

Жалпы, психологтардың айтуынша, өзіне-өзі қол салған адам бұған аяқасты, бойын ашуға алдырғаннан бармайды екен. Олар бұл ойын үш жылдай ішінде пісіріп, кек қайтаруды ойлайды дейді. Осы рас па? Суицид жасау бұған дейін де ойыңызға келді ме?

– Меніңше, сол рас-ау. Шынын айтсам, өз-өзіме қол салу деген ой бала кезден болды. Тіпті, анамды өз-өзіме қол саламын деп қорқытатынмын. Неге екенін білмеймін, үйде өзімді қауіпсіз сезінбедім. Әйтеуір үйден кеткім кеп тұрды. Содан да болар, 9-сыныптан кейін қалаға кетемін деп шықтым. Тіпті, тұрмысқа да 19 жасымда шығып кеттім. Сондағы үйден, шешемнің қатты тәрбиесінен қаштым. Анамыз әр уақытта «әкелеріңді ұятқа қалдырмаңдар. Ел алдында ұятты етпеңдер. Ел алдында жүрген қадірлі, сыйлы азамат. Оның жұмысы ғана емес, өмірі де үлгілі болуы керек» деген қағидамен өстік. Әйтпесе, үй ішімнен таяқ жеп, жоқшылық көргенім жоқ. Осы нәрседен қаштым, өзіме жауапкершілік алғым келмегені ғой.  Қазір есейе келе, бұған ешкімнің кінәлі емес екенін түсіндім. Қазір керісінше, өмір сүргім келеді. Алла ұзақ ғұмыр жазса екен деп тілеймін.

– Өзіңіз де ұл-қыз өсіріп отырсыз, балаларыңызға қалай қарайсыз? Олар да осындай жағдайға түседі деп қорқасыз ба?

 Қазір екі балам бар. Қызым 13-те, ұлым 10-ға келді. «Анасына қарап қызын ал» деген рас екен. Қазір өзімнің анама ұқсайтынымды байқадым. Психологқа барғанымда тағы да соған көзім жетті. Себебі менің балама деген қатынасым да дәл анамдікіндей екен. Анам секілді қатал болмаймын, сырлас дос боламын дегенім өтірік. Баламды баға үшін қорқытып тастағаным соншалық, қызым 4 алып қалса, есіктен кірерден «сен ұрсасың» жылап шығады. Ертең балам менікіндей жағдайға түспес үшін психологқа барып, өзімді тәрбиелеп жатырмын. Ұлым да, қызым да кез келген жағдайда оларды қолдайтыныма сенсе деймін. Отбасында маңыздысы түсіністік болуы керек. Сені түсінгеннің өзі бақыт. Егер өмірде сені түсінетін адам қалмаса, ең қиыны – осы.

– Ал психологтың көмегіне жүгіну дұрыс па? Осы нәрсе қаншалықты қажет?

– Неге екенін білмеймін, біздің қоғам психологқа баруды, оған қаралуды әлі күнге дейін тіксіне қабылдайды. Бірақ өзім оны дұрыс көремін. Ең алдымен, ішкі жан дүниеңді, өзіңді түсінуге көмектеседі. Мысалы, жолдасым екеуміздің отасқанымызға он жылдан асып кетті. Отбасылық өмірдің біраз қиындығын да өткердік. Осындай да отбасын сақтап қалуға, жолдасыңмен немесе балаларыңмен жақын түсіністікке келуге көмектеседі.

фото:ria.ru