Балаңызды балабақшаға беруге дайынсыз ба? Оны жаңа ортаға қалай бейімдеу керегін білесіз бе?
Баланы балабақшаға қалай бейімдеу керегін білесіз бе?
1,125
оқылды

Кез келген жастағы бала балабақшаға келісімен бәрібір жаңа ортаға бейімделу кезеңінен өтеді. Жаңа әрі бейтаныс орта, жекелеген ережелер – бала үшін таңсық жағдай. Сондықтан баланың ұжымға деген сенімін қалыптастырып, жаңа ортаға тарту үшін балабақша педагогтері мен ата-аналардың бірлескен әрекетінің маңызы зор.

Сондықтан баланың балабақшаға бейімделу кезеңінің мейлінше жеңіл өтуіне ҚР ПІБ Медициналық орталығы «Қарлығаш» балабақшасының педагог-психологі Айман Төлеген  жол көрсетті: 

–демалыс күндері балабақша режимін ұстаныңыз;

– баламен ұзақ қоштаспаңыз – бұл баланың алаңдауын туғызады. Сондықтан өзіңізді сенімді және сабырлы ұстаңыз;

– жақсы көретін ойыншығын алып келіңіз;

– мультфильм, телебағдарлама көруді азайтыңыз;

– баламен қоштасып тұрып, оған міндетті түрде оралатыңызды айтыңыз;

– кездесу және қоштасу рәсімін ойлап табуға болады (құшақтау, қол бұлғау, беттен сүю, т.б. );

– үйде балаңызбен «балабақша» ойнап көріңіз. Ойыншықтардың біреуі баланың рөлінде болып, не істегенін, не айтқанын қадағалаңыз. Баламен бірге оның достарын табуға көмектесіңіз және оның мәселелерін бірге шешіңіз;

– балаға көбірек уақыт бөліңіз, бірге серуендеп, бірге кітап оқыңыздар. Жиі құшақтап, бауырыңызға басыңыз, еркелетіңіз. Жақсы көретініңізді үнемі айтып отырыңыз.

 – Балабақшаға бейімделу орта есеппен 1-2 айға созылады, кей жағдайда бұл кезең алты айға немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Бұл баланың мінезіне, темпераментіне және денсаулық жағдайына байланысты. Сондықтан ата-ана бұл кезеңде шыдамдылық танытып, балаға қолдау көрсетіп, тәрбиешімен бірлесіп жұмыс істесе, балабақшаға бейімделуі жылдам әрі жеңіл өтеді,  дейді Айман Төлеген.