Процесте сотталушы ешқашан қазынаны тонаумен айналыспағанын жеткізді.
Кентаудың экс-әкімі Рашид Аюпов сот алдындағы соңғы сөзін айтты
4,007
оқылды

Елордада Кентау қаласының бұрынғы әкімі Рашид Аюповқа қатысты кезекті сот отырысы өтті. Бүгін айыпталушы сот алдындағы соңғы сөзін айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Қазақстанның заңдарын ешқашан бұзбаған қарапайым азаматпын. Ешқашан адамдарды жайдан жай айыптап, соттайды деп ойламаппын. Сот процесі кезінде мені қамауға алуға негіз болған жоқ. Антикордың қызметкері маған мойындатып, басқа адамдарды отырғызуға тырысты. Осыдан кейін мен шындықтың ешкімге керек емесін түсіндім. Әйтеуір істі жабу керек болды. Президентке жағдайдың мүлдем басқаша баяндалатыны түсінікті болды. Олар қоқан-лоқымен, зорлық-зомбылықпен, бопсалаумен мойындата алмағаннан кейін мені жауып тастады. Менде әлгі бизнесменді (Аюповқа кәсіпкер Сайдулла Қожабевты лауазымды басшыларға пара беруге итермеледі және тендер алып берем деп уәде еткен деген айып тағылған – ред.) пара беруге айтақтауға мүмкіндік болған да жоқ. Мен оны танымаймын. Ұлын да білмеймін. Бірақ өздері өте жақсы біледі (Антикор және прокуратура). Бірақ соған қарамастан олар істі жабуы керек сияқты. Алайда, құрметті сот, сөзден басқа ешқандай фактілер мен дәлелдер жоқ екенін және ешқашан болмағанын өзіңіз көрдіңіз ғой. Олар бәрін өздері ойлап тапты», – деді Рашид Аюпов сотта.

Процесте сотталушы ешқашан қазынаны тонаумен айналыспағанын жеткізді. Барлық айып ойдан шығарылған.

«2012 жылдан бастап Илон Масктың компаниясымен Қазақстанда зауыт салу мүмкіндігі туралы хат жазыстық. Елімізде ғылымның дамып, әлемдік ауқымдағы мамандық пайда болғанын қалағанмын. Астана әкімдігімен хат алмасу бар, бәрі сақталған. Мен ешқашан қазынаны тонаумен айналысқан емеспін. Мұның бәрі құжатта дәлелденген. Құрметті судья, сіз іздеген адам мен емес, сіз қателесесіз», – дейді ол.

Судья хабарлағандай, айыптыға сот үкімі шамамен 28 тамыз сағат 16:30-де шығады.