Осы айдан бастап шетелдіктер үшін туристік жарна төлеудің жаңа ережесі күшіне енді. Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 14 шілдедегі бұйрығына сәйкес туристік жарна жергілікті мәслихаттар анықтайтын 0,2-ден 0,5 АЕК-ке дейінгі белгіленген мөлшерлемеде қолданылады.
Жарна жаңа ережемен төленеді
339
оқылды

Еске сала салайық, 2023 жылдың басынан әкімдіктердің бюджетіне шетелдіктер төлейтін туристік жарна есебінен шамамен 314 млн теңге түсті.

«Қазақстанда шетелдіктер үшін туристік жарна осы жылдың басынан бастап алынады. Дегенмен, кәсіпкерлермен және қонақ үй бизнесінің өкіл­дері­мен кездесу қорытындысы бойынша туристік жарнаның мөлшерін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Бұрын ол АЕК емес, тұру құнының пайызымен есептелетін. Мұндай жарналар – шетелдік туристерге қолайсыздық туғызбайды, ал әкімдіктердің бюджетін толықтыруға мүмкіндік береді. Бұл жалпы әлемдік тәжірибе. Қазір туристік жарна төлеуден босатылатын адамдардың санаттарын анықтау мәселесі пысықталып жатыр. Алайда бұл заңдарға өзгерістер енгізуді талап етеді, сондықтан оған ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін», – деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Егер шетелдік туристер бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда аз болса, онда мәслихат мөлшерлемені ең төменгі деңгейге дейін азайтуы мүмкін. Ал туристер саны өссе, жарна мөлшерін 0,2 АЕК, 0,3 АЕК, 0,4 АЕК және 0,5 АЕК белгіленген сома шегінде ұлғайтуға болады.

Туристік жарна мөлшерлемесін маусымға бай­ланысты, бірақ жылына екі мәрте ғана өзгертуге рұқсат беріледі. Шетелдіктерден туристік жарна хостелдерден, қалалар мен аудандардағы жалдама­лы тұрғын үйлерден басқа орналастыру орын­дарын­да болған әрбір тәулік үшін алынады. Жар­ты күн үшін де жарна толық күн ретінде есептеледі. Туристік жарна орналастыру орындарында тір­келген кезде төленеді. Ол тұру құнына қосыл­майды.