Қызылорда облысында жаңадан екі денешынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне пайдалануға берілді.
Сырдың шалғай ауылдары спорт кешендерімен қамтылып жатыр
1,047
оқылды

 

Сыр өңірінде «AMANAT» партиясының 5 жылды қамтитын сайлауалды бағдарламасы негізінде 15 спорттық сауықтыру кешенін салу, спорттық нысандарға орташа және күрделі жөндеу жүргізуге қаржы бөлуге ықпал ету жоспарланған болатын. Осы арқылы спортпен шұғылданатын ауыл халқының үлесін 53 пайызға жеткізу көзделген болатын.

 

Соған орай Қызылорда облысында жаңадан екі денешынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Қос бірдей спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов және «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысып, ауыл тұрғындарын   құттықтады.

Соның бірі – Шиелі кентінде өткен жылы жаңа спорт кешенінің құрылысы басталған болатын. Жалпы құны 551 259 600 теңгені құрайтын бұл нысанда ауыл тұрғындарының спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына барлық жағдай жасалған.

Ал қалаға қарасты Ақсуат ауылдық округі, Ж.Маханбетов ауылындағы кешен «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен бой түзеген. Нысанның жалпы аумағы 1 504 шаршы метрді құрайды. Кешен волейбол, шағын футбол, баскетбол алаңдарымен жабдықталған. Сондай-ақ теннис корты, күрес алаңы және екі жолақты жүгіру жолы бар.

Негізінен бұған дейін партияның арнайы бағдарламасы аясында денешынықтыру-сауықтыру кешендері Қармақшы ауданы, Жосалы кенті, Қазалы ауданы, Түктібаев елді мекенінде  пайдалануға берілген болатын.

Жыл соңына дейін «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Арал ауданына қарасты Жақсықылыш пен Қамыстыбас елді мекендерінде, Қармақшы ауданы   Ақай ауылында, Жалағаш кенті мен Жаңақорған ауданы Ақжол елді мекенінде де жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешендерін іске қосу жоспарлануда.

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы