Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.
Парламент пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеуі тиіс - Дәурен Базаров
830
оқылды

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әрқашан ауқымды саяси өзгерістерге қадам жасауға үндейді. Себебі елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, экономикалық реформаларды жүргізу мүмкін емес. Осы ретте былтырғы жолдау аясында бірнеше саяси өзгерістер қабылданып, жүзеге асырылды. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген отырысында баяндады.

Бүгінде азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы жан-жақты іске асырылып жатыр. Бұл құжат демократияны нығайтудың жаңа кезеңі және көппартиялықты дамыту мен бәсекелі сайлауды өткізу жолындағы алғашқы қадам болды.

Сондай-ақ Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын жалғастыру үшін жалпыұлттық деңгейде Ұлттық құрылтай құрылды.

Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің жаңа тәртібі заңнама деңгейінде реттелді.

Алғаш рет заң жүзінде сыбайлас жемқорлық қылмыс болған мемлекеттік орган басшысының жауапкершілігі бекітілді.

Азаматтар мен бизнестің мүддесін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қабылданды. Осылайша, заң жүзінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдігі артып, қылмыстық процесте тараптардың теңдігі қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, алғаш рет мемлекеттік органдар үшін азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге арналған бірыңғай ақпараттық жүйе енгізілді.

Тағы бір маңызды жаңалық – аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер және ауылдық округтер әкімдерін сайлау институтының енуі. Оның аясында 1 576 ауыл әкімі сайланды.

Жолдау аясында осы секілді басқа да ауқымды реформалар жүзеге асырылды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Үкімет «Қоғамдық бақылау туралы» заң әзірледі. Ол мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін арттырады», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

«АМАNАТ» партиясының Қоғамдық саясат институты саяси талдау бөлімінің жетекшісі Дәурен Базаровтың сөзінше, алға қойған міндеттерді жүзе асыруда бірлесіп қызмет атқарудың маңызы зор.

«Былтырғы Жолдауында Мемлекет басшысы 2023 жылдың ортасына дейін Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың барлығы қайта жаңғырып, жаңаратындығын айтқан болатын. Нәтижесінде, елімізде Жаңа Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттар жасақталған болатын. Сондай-ақ алғаш рет жеңіске жеткен партия Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынып, Үкімет өз жұмысын бастаған еді. Міне, енді тағы бір саяси дәстүрді қалыптастыра отырып, Үкімет «AMANAT» партиясы фракциясының алдында Жолдау мен сайлауалды бағдарламаның жүргізілуі барысында ақпарат берді. Бұл еліміздегі Президент алға қойған саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелердің оң шешілуі және алға қойған тиісті міндеттерді жүзеге асыру үшін Парламент пен Үкіметтің бірлесіп жұмыс атқару өте маңызды»,  – деді Д.Базаров.