Үшқарасу ауылында карантин жарияланды.
Ақмола облысында сібір жарасын жұқтырған 12 адам ауруханаға жатқызылды
1,213
оқылды

Ақмола облысының Ветеринария басқармасы Жарқайың ауданы Үшқарасу ауылында сібір жарасының пайда болғанын мәлімдеді.

 

Еldala.kz хабарлауынша, облыстық Ветеринария басқармасына 28 тамызда Ақмола облысы бойынша СЭС департаментіне Жарқайың ауданындағы ЖШС қызметкерлері сібір жарасын жұқтыруы мүмкін деген хабарлама келіп түскен.

Кәсіпорын директорының айтуынша, шаруашылықта 32 бас ірі қара қырылып қалған. Өлген мал жойылып, еті тәркіленді.

«Есіл аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне 12 адам жатқызылды. Сондай-ақ олармен байланыста болған 22 адам Жарқайың орталық аудандық ауруханасы медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды.

Клиникалық сипаттары мен зертханалық мәліметтер негізінде науқастарға «сібір жарасы» диагнозы қойылды. Науқастар емделіп жатыр, дезинтоксикация және бактерияға қарсы терапия жүргізілуде. Санитарлық қызмет эпидемияға қарсы шараларды қолға алып жатыр», – делінген хабарламада.

Барлық тексерілген ошақтарда дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнында СЭС, Денсаулық сақтау, Ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы мен Ветеринария басқармасының қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр.

Фото: Фото: kamgov.ru