Қордайдағы көшпелі кеңесте өзекті мәселелер талқыланды
Қордайдағы көшпелі кеңесте өзекті мәселелер талқыланды
5,277
оқылды
Nur Otan  партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің бұл жолғы көшпелі отырысы Қордай ауданында өтті. Аталған елді мекендегі қақтығыстан кейін өзге ұлттар мен зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан жиында өзекті мәселелер күн тәртібіне көтеріліп, ұтымды ұсыныстар мен орамды ойлар ортаға салынды. Басқосуды  партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев ашып, аталған жиынның маңыздылығына тоқталды. Ал  Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің жетекшісі Мухаббат Турдыева  көпшілікті қазақ тілін құрметтеуге шақырды. – Бүгінде қазақ елінде ұйғырлардың төртінші ұрпағы ғұмыр кешіп келеді. Олардың барлығы да қазақтармен, осындағы өзге ұлт өкілдерімен тығыз байланыста. Менің отбасымда да күйеубалаларым мен келіндерімнің арасында қазақ, өзбек, қырғыз сынды ұлт өкілдері бар. Сондықтан да мен кейде «Біз – кішкентай Ассамблеямыз» деп әзілдеймін. Меніңше қазақстанда тұрған әрбір ұлт өкілі қазақ тілін жетік білуі керек. Мемлекеттік тілді жақсы меңгергендер оны өзгелерге насихаттауы қажет,– деді М.Турдыева. Ал ауданда орын алған жағдай бойынша құрылған қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов ұлтаралық мәселесінің өршуіне себеп болған жайттарды нақты мысалдармен келтірді. – Қордай ауданындағы орын алған жағдай бойынша құрылған қоғамдық келісім кеңесіне 6 ауылдық округтің әрқайсысынан 3 адамнан мүшелікке өтті. Қазір кеңестің 21 мүшесі болса, оның 8-і дүнген ұлтынан шыққан азаматтар. Кеңес мүшелерімен қақтығыс орын алған ауылдық округтерде жүргізілген зерделеу жұмыстары расында бірқатар кемшіліктерді анықтады. Ең әуелі дүнген жастарының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында әскери борышын өтемейтіндігі белгілі болды. Сондықтан дүнген этносынан шыққан жастардың әскерге баруға жарамдыларының толық тізімін жасақтау қажеттігі туындап отыр. Одан соң туыстық қатынастағы некені тоқтату керек. Осындай некелесу салдарынан ауылда мүгедек балалардың саны артқан. Кәмелеттік жасқа толмай жүкті болатындардың да саны көбейіп кеткен. Сонымен қатар дүнген балалары оқитын мектептерде көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде оқушылардың сабаққа қатыспауы белең алған, – деді Ә.Сейілханов. Осы орайда кеңес мүшесі, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілхановтың ұсыныстарын хаттамаға енгізіп, партия тарапынан бақылауға алынса деген ұсынысын жеткізді. Өз кезегінде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлменбет пен Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дамира Сүгірбай көшпелі кеңес отырысында көтерілген мәселелердің өзектілігін  тілге тиек етті. Ал Масаншы бастауыш партия ұйымының жетекшісі Ясауи Имаров дүнген жастары арасында бірлік пен біртұтастықты насихаттау жұмыстарын өз деңгейінде қолға алуға уәде берді.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы