«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауының мәні зор, халықаралық ауқымды істерге, күрделі мәселелерге ден қойғанын сөз етті.
«Жолдау мақсаты – ортақ міндет» – Наурызбай Байқадамов
1,032
оқылды

– 2019 жылғы сайлаудан кейінгі ұлықтау рәсімінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым» деп бірінші бағыт ретінде халықтың табысын арттыруды айтқан еді. Яғни, азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жеңістеріне бірге қуанып, мақтан тұтуы   еліміздің экономикалық өсіміне тікелей байланысты екені айқындап берген болатын.

Содан бергі уақытта саяси тұрғыдан халықтық қолдауға ие болған реформалар жүргізіліп,  Әділетті Қазақстанның саяси негізін қалыптастырудың алғашқы қорытындылары жария болды. Әділдік, адалдық қағидаларын күшейту алдыңғы қатарға шығып, басқару жүйемізде ықпалды өкілді билігі бар президенттік басқару нысанына қол жеткізудеміз. Конституциялық реформа аясында әрбір азаматтың саяси ұстанымдары кеңейтілді.  Тұрғындардың билік саласына қолжетімділігі артты.  Президент биылғы Жолдауында «адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуіріндегі» даму бағытымыз бен мүмкіндіктерімізді нақтылады.  

Бүл жолғы үндеуінде Мемлекет басшысының  елдік мәні зор, халықаралық ауқымды істерге, күрделі мәселелерге ден қойғаны қуантады. Бұл тұрғыда елдің қауіпсіздігі, экономикалық, энергетикалық дербестігі негізгі ұстанымы екенін көрсетеді. Әсіресе, геологиялық барлау ісіне ерекше мән бергені біздің облыс үшін өте маңызды. Өңіріміздегі өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызға жуық үлесін алатын тау-кен секторында 2013 жылы 10,5 млн тонна   мұнай өндірілсе, 2022 жылы бар болғаны 4,0 млн тонна өндірілді. Кен орындарының жаңа көздерінің қажеттігі күн санап артуда.

Суармалы күріш өндірісіне бағытталған ауыл шаруашылығының өкілдері   жаңа Су ресурстары және ирригация  министрлігінің құрылуын ерекше ықыласпен қабылдауда. Осы көлік-логистикаға жауапты министрліктің құрылуынан «Батыс Қытай Батыс Еуропа» автожолының Қызылорда–Ақтөбе бағыты бірінші санатқа өтеді деген сеніміміз күшейе түсті.  Өйткені осы бағыттағы автокөліктер ағымының көптігінен жол апаттары жиілеп, қайғылы жағдайлар артып кетті.  Президент   «азаматтардың мүддесі мен сұранысы – Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі»,  деп экономикамыздың халықтық сипатын анықтап берді.  Яғни, халық мемлекет үшін емес, мемлекет халық үшін деген қағиданы алға тартып отыр. 

Жолдауда «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек», деп ерекше көрсетілді.  Кезінде әл-Фараби: «адам жаны кемелденуіне сананың дамуы арқылы жете алады, адамды құрайтын жан мен дененің тұтастығында сана маңызды рөл атқарады»,  деп санамыздың үнемі жаңғырып отыруының орнын айтып кеткен-ді. Расымен де, ақыл-ой мен мінезімізді бір ағымға түсіре алмасақ, рухани құндылықтарымыз құлдырауы мүмкін. 

Сондықтан Президенттің ел игілігіне қатысты алға қойған мақсаттарының іске асуына әрбір қоғам мүшесі азаматтық тұрғыдан, шын ниетімен   жұмыс істегені абзал. Демокриттің сөзімен айтқанда: «адамды оның істеген істеріне  қарап емес, сонымен бірге ізгілікке ұмтылған ниетіне де қарап бағалауымыз» керек.

Қоғамнан әділдік іздесек, алдымен оған өзіміз адалдық танытайық. Әрбір қоғам мүшесі өз орнында ісі мен сөзін табыстырып, адалдық өлшемдерін жоғары қойса, өмірдің мәні де жақсы жаққа өзгере түсері сөзсіз.  Әрине, барлық  байлық халықтың меншігі деп жарияланып, оның игілігі тең бөлініске түспесе, бұл барып тұрған әділетсіздік болар еді.

Ең бастысы, әлеуметтік жауапкершілігімізді арттыруымыз қажет.  Тұрмыс сапасына өте қажетті күнделікті пайдаланатын жарық, жылу, су, газды барынша үнемдеуді, жаңа тұрмыстық мәдениетке дейін көтеруге барлығымыз атсалыспасақ нәтиже болмайды. Сол үшін мемлекет маған не береді деп емес, мемлекетке пайдам тиюі үшін өзіме не істедім деген ұстанымға қол жеткізуіміз керек. 

Қоғамдық сананың дұрыс бағытта дамуына кері әсері бар біршама жағдайлардың оңтайлы шешімін табуға тиіспіз. Барымызды асырып, жетіле түсуіміз үшін кез келген жағдайда қоғамдық қатынастарды әділетті реттей алатын, орындалуы да оңай, мықты заң жүйесі жұмыс істеуі тиіс. Оны іске асыратындар адал болғанда ғана заң әділетті болады. Сонда ғана азаматтардың әділеттілікке деген сенімі орнықты болып, өзі де үлес қосуға тырысады. Ал  біртұтас қоғам болуымыз үшін азаматтардың әділеттілікке сенімі ауадай қажет. Қоғамдық санаға кері әсер ететін кесірлі мәселенің бірі  сыбайлас жемқорлық. Біздің қоғамды жегідей жеп, егемендімізге тұсау болып адымын аштырмай отырған әділетсіздіктің бір тамыры осында. 

«Әділетті Қазақстан» қазақ қоғамының бүгінгі интеллектуалды серпілісі. Үміт сенімді, сенім ерік-жігерді, рухты, намысты күшейтеді. Қазақ ұлты қашанда мақсатты да, нәтижелі іс-әрекетті, ардың тазалығын, ниеттің адалдығын бәрінен жоғары қояды. Қоғамдық сананы  шынайы отаншылдыққа бұру үшін, мемлекетіміз бізді   әлеуметтік  қамту мен еркін өркендеу кепілдігімен қамтамасыз етуге міндетті.

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі  оның орындалу уақытының көрсетілуі. Жалпы, адам ақпарат кең дамыған уақытта өзін көп білемін деп ойлайды. Ондай адам жиі кездеседі. Өйткені адам өз уақытына қайшы келмейтін, өзіне ұнайтын жаналықтарды тыңдауға басымдық береді. Біз көп әрі сапалы ақпаратты насихаттағанымызбен,  оны бүкіл қоғам бірден қабылдай қояды деп айта алмаймыз. Қандай да бір мәселені байыбына барам деген адамға уақыт керек.   

Әділетті Қазақстан қалыптастыру дегеніміз   өз мүддесін көздеп, басқалармен «есеп айырысамын»  дейтіндердің ұпайын түгендеп беру емес. Бүкіл қоғамымызды жаңаша ойлауға,  адал іс-әрекет етуге ұмтылдыру болып табылады. 

Сондықтан да  Мемлекет басшысының Жолдауындағы елдік мүддеміздің  оң шешім табарына зор сенім білдіремін. Әрбір істің ақиқатына көз жеткізу жолында  бірлесіп еңбек етейік, – деді ол.