Прокуратура қылмыс әлемінің серкесі Дикий Арман, яғни Арман Жұмагелдиевке және экс-депутат Қайрат Құдайбергенге қарсы қозғалған қылмыстық істің айыптау актісін бекітіп, Алматы сотына тапсырды. Сонымен қатар, осы іс бойынша республикалық қаржы полициясының бұрынғы агенті Талғат Хаматов пен Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Азамат Оспанов та бар. Барлығы 42 адам айыпталуда.
Қаңтар оқиғасы: Дикий Арманның ісі не болды?
1,138
оқылды

ІІМ мәліметінше, Арман Жұмагелдиев Алматыдағы Қаңтар оқиғасы болмай тұрып, қалаға бір ай бұрын келіп алып, соған белсенді атсалысқан. Тіпті, оның алаңда сөйлеп, «Қазақстан» қонақүйінің ішінде жұртты жинап, ел арасында от салып, белсенділік танытқан бейнетаспалары әлеуметтік желіде кеңінен таралған. Сол бейнетаспалардың арасында Қайрат Құдайбергенді де байқауға болады.

Жалпы тергеудің мәліметі бойынша, Арман 2022 жылдың 7 қаңтарында арнайы операция кезінде ұсталды. Ол уақытта қалада коменданттық сағат орнатылып, терроризмге қарсы тазарту жұмысы жүріп жатқан. Сол кезде «Дикий» Арманның жанында бір топ серіктесі болған. Олар қала іші қиратылып жатқанда мініп жүрген брондалған көлігі, қару-жарақ, дәрі-дәрмек тәркіленді.

Ал үш айдан кейін сол кездегі депутат Қайрат Құдайберген тергеу изоляторына жеткізілді. Сонымен бірге, тергеу материалда Жұмагелдиев пен Құдайберген жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға және жастардың соған қатысуына үгіттеді деп күдікке алынған. Сол уақытта экс-депутат «Дикий» Арманмен бірге халықты қонақүйде жинап, Жұмагелдиевке қосылуға шақырған. Сөйтіп олар бастамашыл топ құрып, Үкіметпен кездесуді көздеп, билікке талап қоймақ болған.  Оған қоса, Арманға ергендердің бір тобы тонап жүрген бұзақыларды ұстап, бірнеше аурухананы күзеткен. Кейін, тергеу барысында істің оң-солы анықтала бастағанда «Дикий» Арманды Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің 5-ші департамент бастығы Руслан Ысқақовпен байланыстыра бастады. Еске алсақ, арнайы қызметтің экс-полковнигіне ОПГ басшылығынан бастап, заңсыз бас бостандығынан айыруға дейінгі бір бума қылмыстық баптың бұзғаны мойнына ілген.

Ал әзірге сот процесі қандай форматта, қай жерде, тіпті қалалық сот ғимаратында өтетіні әлі белгісіз. Оған 42 сотталушының да ісі қарала ма, олардың адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары, мемлекеттік айыптаушылар мен сот орындаушылары қатыса ма, жоқ па, бұл да беймәлім. Тіпті, бұл процесс «Қорғас ісі» секілді тергеу изоляторында өтеді деген сыбыс та бар.

Негізі Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергеннің қылмыстық ісіне келсек, қалалық сот істің оларға келіп түскенін растады. Қазір іс тіркелу үстінде, бірақ процестің күні әлі белгіленбеген. Ал қалалық соттың сайтында бұл қылмыстық істің осы жылдың 4 қыркүйегінде судья Асхат Әшірбековке берілгені ғана көрсетілген.

фото:time.kz