Бүгін Парламент Мәжілісінде «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов партия фракциясының отырысын өткізді. Жиынға Мәжіліс депутаты, фракция мүшесі Еділ Жаңбыршин қатысып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру, шалғай елді мекендерде тұрып жатқан балаларға арнап спорттық нысандар салу қажет екенін айтты.
Еділ Жаңбыршин: Ауылда балаларға арнап спорт кешенін салу керек
652
оқылды

Халық қалаулысы Еділ Жаңбыршин балалар спортын дамытуға атсалысып жүрген үкіметтік емес ұйымдардың басын қосу керек екенін атап өтті. 

«Еліміздің бірқатар өңірінде мүмкіндігі шектеулі балаларға, аз қамтылған отбасыларға және егде жастағы қарияларға арнап жеке қаражатына спорт нысандарын тұрғызып жүрген бір ұйым бар. Аталған ұйым нысандардың күтіміне жұмсалатын шығынды да өз мойнына алып келеді. Елімізде осындай ұйымдар аз емес деп ойлаймын. Алдағы уақытта «AMANAT» партиясы олардың басын қосып, Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және жауапты ведомстволармен бірге шалғай ауылдарда, қылмыс көп жасалатын моноқалаларда спорт нысандарын салу жұмысын қолға алуды ұсынамын», – деді ол. 

Оның айтуынша, балалар спортын дамыту – аса маңызды мәселе. Мемлекет мұны әрдайым назарда ұстап, өскелең ұрпақтың дене тәрбиесіне баса мән беруі қажет.

«Ұйымдар ұсынған жобалардың арасынан ұтымдысын іріктеп алып, реестр жасайық. Сондай-ақ олардың тәжірибесін әр облыста және үш мегаполисте жоспарлы түрде бөлісуіміз керек.  Ауылдық жерде тұрып жатқан балаларға арнап тегін үйірмелер ашу үшін нысандар тұрғызу керек», – деді депутат. 

Халық қалаулысының пікірінше, бұл қадам жас буынды жат әдеттен аулақ болуға және өмірде өз жолын табуға ынталандырады.