Бүлдіршін әкесінің танысымен Астанада қайыр сұраған.
Қосшыда мас тұрғын 5 жасар қызын танысының үйінде ұмытып кеткен
1,498
оқылды

Ақмола облысының Қосшы қаласының тұрғына мас күйінде қызын танысының үйінде ұмытып кеткен, – деп жазады Polisia.kz.

Ақпаратқа сәйкес, 19 қыркүйек күні сағат 16:55-те 5 жасар қыздың жоғалғаны туралы арыз Қосшы қаласының полиция бөліміне түсті. Анасының сөзінше, баласы бір сағат бұрын жоғалып кеткен. Ата-анасы таба алмаған соң, полицейлерден көмек сұраған.

"Дереу дабыл бойынша полиция бөлімінің жеке құрамы көтерілді, баланың жоғалып кетуі туралы ақпарат жергілікті чаттар арқылы таратылып, іздеуге еріктілер мен қала тұрғындары қосылды. Полицейлер іздеу іс-шараларын тек Қосшы аумағында ғана емес, Астанада да жүргізді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің анықтауы бойынша, оқиға болған күні әкесі қызымен бірге досына барып, алкогольді бірге ішкеннен кейін үйге жалғыз оралған, ал баланы бөтен адамның үйінде ұмытып кеткен. Ал ол ер адам да мас күйінде қызды алып, онымен бірге Астана қаласына барып, қайыр сұраумен айналысқан", – делінген хабарламада.

Іздеу іс-шаралары кезінде полицейлер бейнекамерадан ер адамның жоғалған қызбен бірге жүру маршруттарын бақылаған, олар автобуспен Астанаға барып, қайтып оралған.

"Бес сағаттық іздестіруден кейін қыз Қосшы қаласынан табылды. Қызға қатысты ешқандай заңсыз әрекеттер жасалған жоқ. Іс жүргізу кезінде полицейлер ер адамның белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адам екенін анықтады және оның айтуынша, баланы ата-анасына қайтаруды жоспарлаған. Қазіргі уақытта немқұрайлы ата-анаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігі (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Отбасы профилактикалық бақылауға алынды", – делінген полиция таратқан мәліметте.

Ер адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ол бейімделу орталығына орналастырылды. polisia.kz

Фото: polisia.kz