Мадина Төкеева – оқуын бітіре салып, мамандығы бойынша Семей қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жетекші маман атанды.
«Жастарға жұмыс!»: Мамандығым бойынша жұмысқа тұруға мүмкіндік берді
941
оқылды

Бүгінде елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі  ушығып тұрғаны белгілі. Ал жұмыссыздық тек белгілі бір ортаның проблемасы емес, бүкіл елдің, мемлекеттің тағдыры. Жалпылама жастар деп айтқанымызбен, оның ішінде жаңадан оқу бітірген түлектер де бар. Олардың ешқандай тәжірибесіз жұмысқа орналасуы да оңай емес. Жұмыссыз қалған жастардың қалай күнелтпек, тіршілігі не болмақ. Осы тараптан «AMANAT» партиясы 2023 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп,  жастардың жұмыспен қамтуына жәрдемдесу мақсатында «Жастарға жұмыс!» жобасын қолға алған болатын. Аз уақыт болса, жоба өз жемісін беріп жатыр.

Ең әуелі айтар болсақ, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының барлық филиалы еліміз бойынша «Бос орындар жәрмеңкесі» жобасын жиі ұйымдастырып отыр. Оған жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, жұмыс беруші кәсіпорындар мен ұйымдар қатысып-ақ жатыр. Нәтижесінде, қаншама жастар жұмысқа орналасты. Енді біріне өз кәсібін ашып, жүргізуіне мүмкіндік берді. Ал бұл дегеніміз – жастар жұмыссыздығының көрсеткішін азайтуға көмектеседі.

Сондай түлектің бірі – Мадина Төкеева. Мамандығы – биотехнолог. Ол оқуын бітіре салып, мамандығы бойынша Семей қалалық  Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасында жетекші маман атанды.

Айтуынша, ол бұл жұмысқа «Жастарға жұмыс» жобасының ұйымдастыруымен өткізген «Бос орындар жәрмеңкесі» арқылы орналасқан.

– Тамыз айында Абай облысындағы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының «Жастарға жұмыс!» деген жобасының негізінде қаламызда «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті. Сол жерге барып, өз мамандығым бойынша жұмыс таптым. Негізі жұмыс табылмайды не болмаса жұмысқа орналасу қиын деген сылтау. Әйтпесе білімді, тіл білетін жас маманға әрдайым мүмкіндік бар. Тек көп жерде одан бөлек жұмыс тәжірибесі болғанын қалайды. Ал оқу жаңа бітірген жас маманда тәжірибе қайдан болсын, – деген Мадина Төкеева «Бос орындар жәрмеңкесінде» көбіне тіл білетін мамандарға сұраныс жақсы екенін айтты.

Жас маманның айтуынша, «Жастарға жұмыс» жобасы жайында аға буын өкілдерінен естіген. Сөйтіп, олардың сөзіне құлақ асып, жәрмеңкеге барып көрген.

– Өзім оқуға түскелі «Жастар рухы» Жастар қанатында белсенді болып, түрлі шаралардың ұйымдастыруына атсалысып жүрдім. Сондағы аға буын өкілдері жақында «Жастарға жұмыс!» жобасының іске қосылып, бағымды сынап көруге кеңес берді. Қазір осында істеп жүргеніме екі айдай болып қалды. Алдағы мақсатым – маман ретінде өзімді жетілдіріп, біліктілігімді арттыру,  – дейді ол.

Қаржыгерлер әулетінен шыққан Мадина үйдің кенжесі. Өзі бала кезінен елге қызмет етіп, елдің көркеюіне атсалысуды армандаған екен.