Сотталушылардың жалпы саны – 45 адам.
«Дикий Арман» ісі: қатысушылар қауіпсіздігі үшін сот жабық түрде өтетін болды
1,213
оқылды

Арман Жұмагелдиев (Дикий Арман) пен басқа да айыпталушылардың ісі бойынша сот отырысы бұдан былай қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында жабық түрде өтетін болады.

 

Бұл туралы Алматы соттарының баспасөз қызметі хабарлады.

«Сотқа қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында қылмыстық іс жабық түрдегі қарауға ауыстырылды. 2023 жылдың 21 қыркүйегінде А.Жұмагелдиев, Қ.Құдайберген және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды», –  делінген сот хабарламасында.

Сотталушылардың жалпы саны – 45 адам.

Оларға «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану» (ҚК-нің 362-бабы), «Ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу» (ҚК-нің 262-бап), «Қарақшылық шабуыл (ҚК-нің 191-бап), «Заңсыз бас бостандығынан айыру» (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК-нің 272-бап), «Бандитизм» (ҚК-нің 268-бап) бойынша айыптар тағылды.

Отырыс барысында сотқа процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы 100-ден астам өтінішхат түскен.

«Сондай-ақ іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куә және бір сотталушы тарап, сот отырысын жабық түрде өткізуді сұрады. Олар өз өмірлері мен отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қауіптенетіндерін білдірді», –  делінген сот хабарламасында.

Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды.

Басты сот отырысы биылғы жылдың 6 қазанына белгіленген.

Еске салсақ, осы жылдың 4 қыркүйегінде Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деген күдікпен ұсталған Қайрат Құдайберген мен Арман Жұмагелдиевке (Дикий Арман) қатысты қылмыстық іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілген болатын.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Арман Жұмагелдиевтің (Дикий Арман) шетелден 2021 жылдың желтоқсан айында келгенін және Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болғанын хабарлаған. Ол 5 адамнан тұратын қылмыстық топпен 2022 жылдың 7 қаңтарында арнайы операция кезінде ұсталды. Содан кейін күдіктілерден әртүрлі маркалы қару-жарақ, сондай-ақ оқ-дәрілер, суық қару-жарақ және брондалған көлік тәркіленді. Осы уақытқа дейін ол қамауда отыр.  

2023 жылдың 14 қыркүйегінде атышулы іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Келесі сот отырысында бірқатар жәбірленуші, кейбір айыпталушылар мен олардың адвокаттары, сондай-ақ куәгерлер сотты жабық есік жағдайында өткізу туралы өтініштерін жолдағаны айтылды.