Ақмола облысының Шортанды кентінде 8 мыңнан астам тұрғын жылдар бойы су тапшылығын тартып келеді. Әсіресе, жаз айларында жағдай аса қиын. Бау-бақшаны суаруды мүлдем ұмытқан тұрғындар тәулігіне тек 9 сағат қана су берілетінін айтады. Түйінді жағдайды Мәжіліс депутаттары да көзімен көріп, жағдайды бақылауға алуға уәде етті, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Тәулігіне тек тоғыз сағат: Шортандыда 8 мыңнан астам халық ауызсу тапшылығын тартып келеді
617
оқылды

Аудан орталығындағы жарты ғасырдан астам уақыттан бері қызмет еткен су ұңғымалары әбден тозып, аудан халқын сумен қамтамасыз етуге қауқары жетпейтін болған. Қолданылып жатқан тоғыз ұңғыманың тек төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Қалғанында су қоры таусылып қалған. Түйткілді жағдай «AMANAT» партиясының қарауына түсіп,  күні кеше Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Айна Мысырәлімова Шортанды кентіне арнайы ат басын бұрған еді. Мәжіліс депутаттарының республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлуді өз бақылауларына алатынын жеткізді. Ол үшін ауызсу тапшылығын шешу үшін «Егемен» учаскесінен Шортанды кентіне дейін су құбыры тартылмақ. 

- Жұмыс көлемі мен оны орындаушылар белгілі. Келісімшарт жасалған. Егер жоба толығымен аяқталса, аудан орталығын толық сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі. Жобаның жалпы құны - 1,4 млрд теңге. Алдағы жылы республикалық бюджеттен 800 миллион теңге бөлінеді. Ал 2025 жылға жоспарланған 530 миллион теңгені келесі жылдың бюджетіне енгізу үшін мәжілісмендер ықпал етпек. 2024 жылы жұмыс қарқынды болса,  Шортанды кентінің халқы таза ауызсуға қол жеткізеді, - дейді Айна Мысырәлімова. 

Сапар аясында Мәжіліс депутаттары Дамса ауылындағы жылу желілерінің құрылысымен, кәріз желілерінің жөндеу жұмыстарымен, Научный ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстары мен кәріз желілерінің күрделі жөндеу барысымен танысты.