Санаулы сәттер бұрын дзюдошы Абиба Әбужақынова (48 келі) Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды, - деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Тарихи сәт! Абиба Әбужақынова – Азия ойындарының күміс жүлдегері
1,154
оқылды

Ол финалда 3 дүркін әлем чемпоны, 2018 жылғы Джакартадағы Азия ойындарының жеңімпазы жапониялық Нацумо Цунодаға есе жіберді. Абиба – әйелдер арасында дзюдодан сары құрлық ойындарының финалына шыққан Варвара Масяинадан кейінгі (1998 жылы) екінші спортшы.

Ұлттық құрама спортшысы Ханчжоудағы алғашқы белдесуінде Филиппин спортшысын вазари әдісімен, сосын, Солтүстік Корея балуанын ұтты. Ал жартылай финалда оңтүстіккореялық Ли Хек Енг ескерту алып, Әбужақыноваға жол берді.

Айта кетейік, Абиба Әбужақынова биыл ақпанда Португалияда Гран-при бәсекесінде топ жарған (әйелдер арасында) тұңғыш қазақ дзюдошына айналған. Сондай-ақ ол – Отгонцэцэг Галбадрахтан кейін қазақстандық арулар арасынан әлем чемпионатында медаль алған спортшы.