Ақтөбеде таяуда ғана ашылған «АКТ Qyzmet» компаниясының жұмысшылары бүгін қоқыс шығарудан бас тартты. Олар жұмыс істеген күндерінің уақыты толық есептелуін, қарапайым түстену, жуынуға жағдай жасауды, тіпті әжетхана салып беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әжетхана да жоқ - Ақтөбеде жұмысшылар наразылық білдірді
2,929
оқылды

 

 

 

«Ақтөбе» ӘКК-ы жанынан «АТК Qyzmet»» компаниясының 30-дан астам жұмысшысы таңнан бері жұмыс орнында. Бірақ ешқайсысы қала ішіндегі қоқысты жинауға шыққан жоқ.

«Қазір мен жүргізуші болып жұмыс істеймін. Бір ай болды осы қызметке қабылданғаныма. Бүгін қоқыс жинауға шықпай қалдым. Бізге адам ретінде қарамайды. Ұнамай қалсаң «ауладан шық, кет» дейді. Әр отбасының кредиті бар, бала-шағасын асырау керек. Біздің жұмыс кестеміз реттелмеген. Маған белгіленгені үш шағын аудан. Олар: 8 шағын аудан, Гринин көшесі, АвтоЦОН аумағы. Осы жерде күнде жинаймын. Аптасына 7 күн болса, бәріне шығамыз. Кейде қоқыс аз болса, сон күнді пайдаланып, демаламыз»,- деді жүргізуші Бауыржан Бердиев.

Ал жүргізуші Қайрат Жанғанашевтің айтуынша, келісімшарт бойынша аптасына 40 сағат қана жұмыс істеу керек деп есептейді.

«Біз қоқыс жинаймыз. Жуынуға мүмкіндік жоқ. Кеңсеге келсек, әжетхана да жоқ. Мынаның жан-жағы әжетхана болып кетті. Бір бригада жүргізуші, сосын 2-3 жүк көтеруші болады. Таңертең 7:00-де шығып, сағат 17:00-ге дейін жүресің. Міндетіміз – бекітілген аумақтағы қоқысты уақытылы шығару. Бәріне келісеміз, тек артық сағат жазылуы тиіс, ауырып қалсақ, ол да төленуі керек»,- деді ол.

Жұмысшылармен сөйлесуге Ақтөбе қалалық түрғын үй-коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков те келді. Ол жұмысшылар талабы ескерілетінін, бірақ жұмысты тоқтатуға боламайтынын айтты.

«Қоқыс шығаратын компания бұған дейін «Ақтөбе» ӘКК-ында болды. Енді оны қалалық әкімдікке, нақтыласақ қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне берді. Енді беру-қабылдап алу жүреді. Басшылары да ауысуы мүмкін. Жұмысты тоқтатпай, жалғастырайық»,- деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Болат Серіков.

Алғашқы кезде 8 адам өз қарсылығын білдірген. Кейін ұжым бір-бірін қолдап, түгел тоқтатқан.

«Біз уақытты текке кетірмей, бүгін көліктерге дезинфекция жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі жағдайға байланысты акт толтырып, ішкі тексеру жүргізетінін айтып отырмыз. Бұл жұмысшылардың талабы орынсыз. Олар ауызекі тілде емес, жазбаша арызын түсіруі тиіс. Бізде белгілі бір күні демалыс беру деген жоқ. Адамдар сенбі-жексенбі күндері демалады, сол күні қоқыс көбейеді. Ал біздің жұмысшылар сол күндері де еңбек етеді, ал апта ортасында демалысын алады. Батыс-2 шағын ауданында күн сайын, ал өзге шағын аудандар, тұрғын алаптарында аптасына 2 рет жиналады. Бізде 34 жүргізуші, 74 жүк көтеруші бар. Жүргізуші көп тіпті. Қысқартуға да болады. Алғашында екі ауысымда еңбек етті, қазір бір ауысымға ауыстырдық. Сондықтан мониторинг жүреді, талдау шығарылады»,- деді «АТК қызметі» ЖШС-і басшысынң орынбасары Әлібек Серешов.

Оның айтуынша, жұмыс орнында ішімдік ішкен, шу шығарған 4 адам жұмыстан шығарылған. Мұндағы адамдардың еңбекақысы 200 000-250 000 теңге.

Еске салсақ, Ақтөбе қаласында қоқыс шығару тарифі көтеріліп, жергілікті әкімдік «Ақтөбе» ӘКК-ы жанынан «АТК Qyzmet» компаниясын құрды. Қоқыс тасымалдайтын компания үшін корпорациядан 3 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Оған техника сатып алынды. Қазір көпқабатты тұрғын үйдегі әр адамға айына 417, ал жеке үйлерде әр адамға 450 теңге есептеледі.