Үш адамның денесі үйдің кіреберісінен табылды.
Петропавлда өрттен 3 адам қаза тапты: қылмыстық іс қозғалды
1,197
оқылды

Петропавлда жеке тұрғын үйде қаза тапқан үш адамның отбасына жергілікті атқарушы орган тарапынан көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-тергеу тобы оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Тиісті сараптамалар жүргізіледі. Қылмыстық іс қозғалды.

«Үш адамның денесі үйдің кіреберісінен табылды. Олар: 2003 жылғы келіншек, 2018 жылы туған ұл және 2022 жылы туған қыз бала. Оқиға орнын қарау кезінде пештің жағылмағандығын көрдік. Алдын ала болжам бойынша, өрт электр желілерінің қысқа тұйықталуынан шығуы мүмкін, тексеріс кезінде үйдің төбесінің қатты күйгенін байқадық», - дейді СҚО ТЖД басқармасының бастығы Аслан Ахметжанов.

Бұл баспана жалға беріліп келген. Қаза тапқан 20 жастағы әйел бірден асқан қызымен, күйеуімен және күйеуінің 40 жастағы анасы 5 жасар ұлымен бірге тұрған.

Енесі сол күні жұмыста болған, ал ер адамды ұйықтап жатқан жерінен әйелі оятқан екен, бірақ ол үйдегілерді құтқарып үлгермеген.

Петропавл әкімдігі зардап шеккендерге көмек көрсетпек.

«Кеше қаламызда қайғылы жағдай болды. Қызыл жалын үш адамның өмірін әкетті.

Қаза тапқан адамдардың туғандарына қайғырып, көңіл айтамын.

Жергілікті атқарушы орган тарапынан жерлеу рәсіміне, уақытша жалдамалы пәтерге, басқа да қажеттіліктерге қаржылай көмек көрсетілетін болады», - деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.

фото: zakon.kz