Кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстаннан 200 млрдтай АҚШ доллары сыртқа шығарылған.
Депутаттар мемлекетке қайтарылған заңсыз активтерді энергетика саласын дамытуға жұмсауды ұсынды
429
оқылды

«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары мемлекетке қайтарылған активтер энергетика саласын дамыту мақсатына да жұмсалуы тиіс екенін айтты. Еділ Жаңбыршин осы мәселені Мәжіліс отырысында көтеріп, Премьер-министрге ресми сауал жолдады.

Еділ Терекбайұлының айтуынша, халықаралық рейтингтерде Қазақстан капиталдың тұрақты түрде шетелге жылыстатылуы жөнінен әлемдегі 20 елдің қатарына кіреді. Сарапшылардың болжамынша, кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстаннан 200 млрдтай АҚШ доллары сыртқа шығарылған. Бұл – Ұлттық қордағы қаржыдан төрт еседей жоғары. 

«Биыл Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң әзірленіп, қабылданды. Осы заңға сәйкес қайтарылған қаржылар, мүліктерді қайтарудан және өткізуден түскен ақшалар Арнаулы мемлекеттік қорға түседі. 

Қайтарылған қаржыларға әлеуметтік нысандар, оның ішінде мектептерді салу басталып кетті. Ол өте орынды.

Алайда қазір, жұмыс ресурстары шегіне жетіп, әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Президенттің өткендегі Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет. Тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Өйткені азаматтарымыздың көпшілігі тапқан табысын күн көрісіне әрең жеткізіп отыр, ал бюджет мүмкіндігі шектеулі.

Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржының көзі – елімізден әр түрлі жолдармен шетелдерге шығарылған, миллиардтаған АҚШ долларындай активтер. Тіпті оның ішінде энергетика саласынан шығарылған қаржыларда болуы мүмкін. Кезінде ол қаржылар Қазақстанның стратегиялық нысандарын модернизациялауға, экономикасын дамытуға жұмсалу керек еді» - деп атап өтті ол. 

Аталған заңға сәйкес әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді. Осы ретте Еділ Жаңбыршин қайтқан қаржыны тек әлеуметтік нысандарға жұмсап қоймай, экономикалық жобаларға жататын – стратегиялық нысандарды аяғынан тұрғызуға, оның ішінде энергетика объектілерін салуға және тозығы жеткен жабдықтар мен желілерді жаңалауға жұмсауды ұсынды. 

«Тағы да бір маңызды бағыт – ол жұмыссыздық белең алған өңірлерде жаңа кәсіпорындарды ашуға осы активтерді пайдалану. Мемлекет басшысы күні кешегі Жолдауында «...металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», - деді. Неге осы активтерді ішкі нарықта айналдырып, зауыт, фабрика салуға жұмсамасқа? Сол кезде өңдеу саласы дамиды, жергілікті құрылыс материалдарын шығарамыз, импорттық тауарлар мен қызметтерді өзімізде оқшаулаймыз, біліктілігі жоғары мамандарға сұраныс көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, өңірлердің салық базасы артады және басқа да мультипликативтік эффектке қол жеткіземіз.  

Қайтарылған қаржылар экономикалық оң нәтиже беретін, халықтың әл-ауқатын көтеретін бағыттарға жұмсалса тиімді болады. Бұл әділ шешім болар еді» - деп нақтылады ол. 

Депутаттың пікірінше, қайтарылған қаржылар мен активтердің көлемін және олардың қайда жұмсалып, кімдер игеріп жатқанын азаматтық қоғам біліп, барлық тараптан қатаң бақылау болуы керек. Сондықтан осы мәселеге қатысты барлық мәліметтер арнайы интернет сайтта ашық жарияланып, әр қазақстандық кез-келген уақытта көріп отыруы тиіс екенін айтты.