Бүгін Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен «Астана арена» стадионында шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында республикалық турнир басталды.
Журналистер арасында шағын футболдан Majilis cup – 2023 турнирі басталды
1,023
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда Парламент Мәжілісі Президенттің бастамаларына қолдау көрсетіп, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосу үшін жаңа дәстүр қалыптастыруда.        

Дүбірлі доданы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мен бүгінгі жарысты достық, жолдастық кездесу дер едім. Өйткені депутаттар мен журналистер тілектес, рухтас адамдар. Біздің тілегіміз де, ниетіміз де бір. Ол – халқымыздың игілігі, еліміздің болашағы. Осы жолда бірге жұмыла жұмыс істеп келеміз. Ал бүгінгі жарыс бізді біріктіреді, қанаттандырады, – деді  А.Аймағамбетов. 

Айта кету керек, бұл турнирді былтыр алғаш рет ұйымдастырған болатын.     

Республикалық турнирге Атырау, Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қызылорда мен Жетісу облыстарынан және  Алматы, Шымкент, Астана қалаларынан барлығы 24 команда қатысуда.