Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында еңбек адамына құрмет көрсетуге ерекше екпін бергені белгілі. Осы орайда «AMANAT» партиясы да «Еңбек адамы» жобасын жандандырып, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда.
Бес дәннен – мың асқабақ
1,074
оқылды

Атап айтсақ, оларды кейінгі ұрпаққа насихаттап, жастарды адал еңбекке шақырып, көпке үлгі етуде. Міне, сондай үлгі тұтар азаматтың бірі – Жамбыл облысы Меркі ауданының тұрғыны Азамат Комолов. Ол озық технологиялар мен шетелдік тұқымдарды пайдалану арқылы бір дәннен еселеп өнім алуда. 

Жалпы, Азамат – Өзбекстан мемлекеті­нен қоныс аударған қандасымыз. Сырт елде үйренген тәжірибесін Меркі жерінде жан­дандырып, шаруасын шалқытып отыр. Үйінің астында 200 тоннадан астам көкөніс сақтауға арналған қоймасы бар. Оған «Газель» сияқты жүк көліктері еркін кіріп, шыға алады. Жаз бойы өсірген өнімін жары Рахима Сейдалиева екеуі орталық базарда саудалап, артылғанын қоймада сақтап, қыс айларында тұрғындарға өткізеді. Биыл Азамат тіпті бес дәннен1 000 дана асқабақ алып, талайды таңғалдыруда. 

– Биыл Үнді елінен әкелінген асқабақ тұқымын ектім. «Индийский» деп аталатын тұқым тез жерсініп, 5 дәннен 1000 асқа­бақ өніп шықты. Бұл асқабақтың салмағы 1,5-3 келі ғана болады. Алайда дәмді әрі денсаулыққа ерекше пайдалы. Мендегі бақша өнімдерінің бәрі тамшылатып суға­рылады. Қазір бірінші және екінші сортқа жататын 634 асқабақ өніп тұр. Ал жалпы түйіні мыңнан асады. Әлі гүлдеп, түйін салып жатқандары бар, – дейді Азамат. 

Шынында, бес дәннен мұндай көлемде өнім алу таңғалдырады. Сондықтан біз Азаматтан асқабақты егу тәсілін сұрадық. 

– Ең әуелі тереңдігі 40-50 сантиметр, диаметрі бір метрге жетерлік шұңқыр қаздым. Оған сиырдың жапасын салып, сосын үстіне табиғи тығайтқыштар төседім. Одан соң құнарлы қара топырақ жауып, тамшылатып суғардым. Нәтижесінде, еккен асқабақ 20-30 метрден аса жерге қанат жайып, тіпті көршілердің қоршауынан асып кетті. Осы тәсілмен асқабақ еккен жерге жүгері дәнін де сеуіп, алдыңғы жылы мол өнім алған болатынмын, – дейді Азамат Комолұлы.

Еңбек адамына қолқанат болып жүрген жары Рахима мен Умида, Мехрибон, Ками­ла сияқты ұл-қыздары да бақша өнімдерін егудің тәсілін жетік меңгерген. Таңның атысы, күннің батысы әкесінің қасында жүр­ген жақындары АҚШ-тан әкелінген «Аль­бион» сортты құлпынайды да жерсін­діріп, одан мол пайда көруде. Азамат тіпті жуырда Америка құрлығынан «Супер Аль- бион» атты құлпынайдың 100 көшетін сатып әкеліп, енді оның тұқымын Меркі жерінде көбейтпекші. Осылайша, еңбек адамы асылтұқымды өнім өндіру тәсілін жерлестерімен бөліспек. 

Тағы бір айта кетерлігі, Азамат америка­лық «Грайфер» атты жүгері сортын да Жам­был жеріне жеткізіп, табыс табуда. 

– Биыл бес қатар, бес жүйек жүгері егіп, оның дүмблін сатып, 600 мың теңге пайдаға кенелдім. Аталған жүгері тұқымы төрт стан­дартты сотадан салды. Стандартты дегенім – бәрінің үлкендігі бірдей, көрер көзге көрікті, дәмі тіл үйіреді.  «Грайфер» тұқы­мының ерекшелігі – дәріленген, минерал­дық тыңайтқышы бойында бар, құрт-құмырсқаға дес бермейді. Оған қоса, суды көп қажет етпейді. Тамшылатып суару әді­сімен-ақ мол өнім береді. Күн суытқанда жүгері көшетін қоймада өсіріп, көктем шыға далаға шығаруға да болады. Жалпы, жүгері тұқымы 24 күнде өніп шығады.  Бір түп жүгері 4 дүмбілден салды дегенде, 600 түп өскінді 1000 теңгеден саудалағанның өзінде қыруар пайдаға кенелтеді, – дейді Азамат. 

Еңбек адамының өнім егудегі тағы бір тәсілі – бір гектарға дақылды бірден толық екпейді. Сатылап кезектестіріп, дәнді отыр­ғызады. Сатылап дегеніміз – бір гектарды онға бөліп, арасына 10-20 күн салып өнімді егеді. Дақыл біртіндеп жетіліп, кезек-кезегімен пісіп сатуға дайын тұрады. Бұл тәсіл мал шаруашылығында «Зеленый конвейер» деп аталады. Яғни, көк шөптің бір бөлігін пайдаланғанда келесісі пісіп, жетіліп тұрады. Мерзімі өтіп кетпейді. Бүлінбейді.

Азамат балаларымен өнім өндірсе, жары Рахима оның саудасына жауапты. Тұрақты тұтынушылары онлайн тапсырыс беріп те өнімдерін тұтынуда. Осылайша, озық технология мен асылтұқымды пайдаланған отбасы табыстың тайқазанын тасытып отыр. 

Азамат өз кәсібін ұршықша иіріп отырғанымен жергілікті билік өкілдеріне айтар базынасы бар. Ол өнім көлемін еселеп өсіруге жер жетпей жатқанын айтуда. 

– Егер маған ең болмаса бес гектар жер берсе, өнім көлемін тағы арттырар едім. Оған қоса, өз білгенімді өзгелерге үйретіп, қолымнан келгенше жәрдем көрсетемін. 

 Жерім жеткілікті болса, Өзбекстан елінде өсетін «Павлония» деген ағаштың көшетін әкелу жоспарымда бар. Павлония ағашы бір жылда 8 метрге дейін өседі. Ол сегіз жылда отыз метр биіктікке жетеді. Түбі­нің диаметрі 80 сантиметрден асады. Одан керемет су тарпайтын, темірден де берік құрылыс материалдарын алуға болады. Қарапайым тіс шұқығышы Павло­ния сияқты су тартпайтын берік ағаштан жаса­лады. Оны қайнаған су да жібіте алмайды. Павлониядан есік, терезе, жиһаз, тіпті қайық пен кеме де жасауға болады. Сондай-ақ рояль, пианино, скрипка, виоленчел сияқты көптеген аспаптарды жасауда осы Павлония ағашы пайда­ланылады. Бір сөзбен айтсаң, бұл ағашты Жамбыл жерінде өсіретін болсақ, оның пайдасы көл-көсір болады, – дейді Азамат. 

Негізі, Азаматтай кәсіпкерлер бір жағы­нан ақылды болса, екінші жағынан қияли фа­нат та болады. Олай дейтініміз, кейіп­кері­міз малдың қиынан «Биогумус» тыңайт­қышын жасауды қолға алған. Сонымен қатар Калифорния шылаушынын өсіріп, қара жерді тыңайтуға пайдалануда. Ал ар­тыл­ған шылаушынның келісін 80 теңгеден сатып, бұл тұстан да пайда табуда. 

«Құлдай еңбек еткен, патшадай өмір сүреді» дейді Жүсіп Баласағұн. Сондықтан Азамат Комоловтай бесаспап азаматтарды қолдап, кейінгілерге үлгі ету керек. Одан кәсіпкерлер де, қоғам да ұтылмасы анық. Ал біз өз тарапымыздан есік алдындағы алақандай жерден мол табыс тауып отырған Азаматтың еңбегі жана берсін деп тілейміз. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы