Aikyn.kz-те Samruk-Kazyna Construction «көлеңкелі импортқа» жол ашып отыр» деген ақпарат жарияланған болатын. Осыған орай мәселенің анық-қанығын редакциямызға Samruk-Kazyna Construction хабарлады.
«Айқын» көтерген мәселеге Samruk-Kazyna Construction жауап берді
961
оқылды

Samruk-Kazyna Construction «көлеңкелі импортқа» жол ашып отыр деген мәлімдемесі дұрыс емес, сондықтан шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. 

Samruk-Kazyna Construction «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде салынатын білім ошақтары үшін жиһаз таңдау процесіне қатыспайды.

Бұған дейін жайлы мектептер үшін ең ыңғайлы, сапалы және заманауи мектеп жиһазын өндіре алатын тек отандық кәсіпорындарды анықтау мақсатында арнайы жиһаз комиссиялары құрылған болатын. Мұндай комиссиялар барлық 20 өңірде жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен құрылды. Олардың құрамына жалпы білім беретін мектептердің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, прокуратура, санэпидбақылау департаменті, ТЖД, білім басқармасы және «Атамекен» ҰКП өкілдері кірді. Әр аймақта комиссия стандарттарға сай келетін кәсіпорындардың тізімін жасады. Нәтижесінде, 20 өңірде 134 жиһаз өндірушісі анықталды. Алайда, бұл тізім шектелмеген және талаптарға сай келетін жаңа кәсіпорындармен толықтырылып отырады.

Жиһаздың техникалық сипаттамаларын таңдау құқығы да жиһаз комиссияларына берілді. Оның құрамына соңғы пайдаланушылар болып табылатын мектеп директорлары, олардың әкімшілік-шаруашылық бөлігіндегі орынбасарлары және педагогтар тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жоспар бойынша жүргізілуде. Түркістан, ШҚО, Ақтөбе облыстарында және Астана қаласында жиһаз көрмелері ұйымдастырылып, жергілікті өндірушілер комиссияның таңдауына өз тауарларын ұсынды. Мүдделер қақтығысын әрі лоббизмге қатысты айыптауларды болдырмау үшін Samruk-Kazyna Construction өкілдері бұл комиссиялардың құрамына кірмейді.

Аталған іс-шаралардың мақсаты – соңғы пайдаланушыларға жайлы мектептер үшін ең оңтайлы, ыңғайлы және заманауи жиһазды өздері таңдауына мүмкіндік беру. Комиссиялар жиһаздың техникалық параметрлерін анықтағаннан кейін, деректер жобалаушы ұйымдарға жолданып, олар таңдалған аталымдарды оқу орындарының жобаларына қосады.

Сонымен қатар, ҚР ҚН 1.02-03-2022 Құрылысқа жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі және құрамы» нормативтік техникалық құжатында жобалық шешімдер қабылдау кезінде (жабдықтардың, бұйымдар мен материалдардың ерекшеліктерін қалыптастыру кезінде) мемлекеттік инвестициялар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік (концессия) жобалары бойынша қаржыландырылуы көзделетін объектілерді салу үшін «Құрылыс конструкцияларының, бұйымдарының және құрылыс материалдарының тізбесі» сәулет қала құрылысы және құрылыс каталогына (СҚҚК-3) сәйкес материалдық ресурстар мен инженерлік жабдықтардың номенклатурасы қолданылатыны жазылған.

Өңірлердің жиһазды таңдау процесі аяқталмағандықтан, Игорь Проценконың «жобалық ұйымдарға құжаттарды жіберу», «лоббизм» және «протекция» туралы теріс болжамдары негізсіз.

Айта кетерлігі, биыл 31 шілдеде Samruk-Kazyna Construction штат санының ұлғаюына байланысты қызметкерлер үшін кеңсе жиһазын сатып алу бойынша конкурс жариялады. Оның қорытындысы бойынша павлодарлық «TROYA» ЖШС компаниясы жеңімпаз болды. Игорь Проценконың мәлімдемесі осы сатып алумен байланысты ма, жоқ па, белгісіз, бірақ бұл сатып алудың болашақ жайлы мектептерді жабдықтауға ешқандай қатысы жоқ.