Мемлекет басшысы кеше Аста­на қаласындағы бірқатар нысан­дар­ды ара­лап көрді. Әуелі ол SANA оқу­шылар сарайына, одан соң «Тұ­ран» газ жылу станциясына және Kazakhstan Paramount Engineering зауытына барды.
Жаңа жобалар сапалы болуы керек
551
оқылды

Бес қабатты заманауи ғимаратта ор­на­ласқан SANA оқушылар сарайында 5-17 жас аралығындағы жеткіншіктерге ар­­­налған 60-тан астам үйірме мен спорт сек­циялары жұмыс істейді. Олар тех­ни­ка­лық шығармашылық, сәндік-қол­дан­балы өнер, әлеуметтік ғылымдар, музыка жә­не хореография, спорт секілді бірнеше ба­ғытқа бөлінген. Орталық бір мезгілде 700 баланы қабылдай алады. Аумағы 7 500 шаршы метр ғимаратта соңғы үлгідегі тех­нологиялармен жабдықталған оқу ка­бинеттері, жүзу бассейні, акт залы, под­каст және фото студиялары бар. Мем­лекет басшысы Lego құрастыру, роботты тех­ника, 3D-модельдеу және қыш өнері, ұр­малы аспаптар, домбыра үйірмесі ка­бинеттері мен жүзу бассейнін аралап көр­ді. Сондай-ақ Президент орталықтың оқы­тушыларымен, балалармен және ата-ана­лармен әңгімелесті.

– Әрбір қалада, ауданда осындай ор­та­лықтар ашылуы керек. Мен жақында биз­нес өкілдерімен кездесу өткіздім. Бұл ба­лалар үшін, өскелең ұрпақ үшін қажет. Сон­дықтан біз бұл мәселеге баса мән бере­міз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

SANA жаңа ұрпақ орталығын Damu Development Group консорциумы биз­нес­тің әлеуметтік жауапкершілігі аясын­да салған. Компания құрылтайшысы Аб­зал Сағымбаев алдағы уақытта бірнеше да­мыту орталықтарын, әлеуметтік, ден­сау­лық сақтау нысандарын салу жос­пар­ла­нып отырғанын жеткізді. Астана қа­ла­сы­ның әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуын­ша, 2029 жылға дейін елордада осындай 15 оқушылар сарайы бой көтереді. Оның ішін­де 5 орталықтың құрылысы жуық ара­да басталады.

Одан соң Мемлекет басшысы «Тұран» газ жылу станциясына барды. Президент «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының, сорғы-сүзгі стан­­­ция­сының және үшінші ЖЭО-ның құры­лыс жұмыстарының барысымен танысты. Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мем­лекет басшысына «Оңтүстік-Шы­ғыс» газ жылу станциясының және жал­пы қуаты сағатына 700 гигакалорий бо­ла­тын «Тұран» газ жылу станциясының бі­рін­ші кезеңінің құрылыстары аяқтал­ға­ны туралы мәлімет берді. Оның ай­туын­­ша, «Оңтүстік-Шығыс» станциясы Мын­жылдық аллеясы, «Нұрлы жол» вок­залы, «Бағыстан» тұрғын алабы сияқ­ты құрылысы қарқынды түрде жүріп жат­қан аудандарды, ал «Тұран» стан­ция­сы қаланың сол жағалауында жаңадан са­лынып жатқан аумақты тұрақты жылу­мен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысына аталған газ жылу станциялары биылғы жылыту мау­сы­мының басынан бастап іске қосыла­тыны жөнінде баяндалды. Жыл аяғына дейін үшінші ЖЭО-ның құрылысы аяқ­та­лады. Үш жаңа нысан қаланы қо­сым­ша жылумен қамтамасыз етеді. Оның қуаты – сағатына 1140 гигакалорий. «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезеңінің салынуы және «Тельман» жаңа газ жылу стан­­­циясы қуаты сағатына 850 гига­ка­ло­рий болатын қосымша жылу береді. Құ­ры­лыс компаниясының өкілдері Қазақ­станда газ жылу станцияларының өн­діріс­тегі отандық үлесін арттыру үшін газ жаб­дықтарын өндіруші кәсіпорынмен ара­да уағдаластықтар бар екенін жеткізді. Пре­зидент газ жылу станцияларын ке­зең-кезеңмен пайдалануға беруді тап­сыр­ды.

– Ең алдымен, жобалардың сапасы жо­­ғары болуға тиіс. Біз оны қадағалаймыз. Мұндай жобалар қалаға өте қажет. Мен бұл жерге осы мақсатпен келдім. Әр қа­ла­да үш негізгі мәселе бар. Олар – жылу, жа­рық және су. Тұрғындар бұл қа­жет­ті­ліктермен міндетті түрде қамтамасыз етілуі керек. Оның үстіне, сөз елорда ту­­ралы болып отыр. Ешқандай кідіріс бол­мауға тиіс. Бұл, түптеп келгенде, біз­дің мемлекетіміздің беделі мен имиджіне қа­тысты мәселе. Сондықтан аталған мә­се­лені бәріміз жұмылып, міндетті түр­де толық шешуіміз қажет, – деді Мем­ле­кет басшысы.

Жеңіс Қасымбек Президентке Астана су қоймасынан тартылатын су құбы­ры­ның және сорғы-сүзгі станциясының іс­ке қосылуы жөнінде айтты. Оның мә­лі­меті бойынша, биылғы қарашада Нұра жерасты су көзінен қуаты 48 мың текше метр болатын су құбырын тарту, сондай-ақ «Тельман» сорғы станциясының қуа­тын күніне 160 мың текше метрге дейін жет­кізу жөніндегі жобалау жұмыстары аяқ­талады. Қасым-Жомарт Тоқаев елор­да халқының саны жылдан-жылға кө­бейіп келе жатқанына байланысты қо­сым­ша су көздерімен қамтамасыз ету жол­дарын іздеу қажеттігіне назар аудар­ды. Сондай-ақ қаладағы жаңа жылу ны­сан­дарының құрылысын уақытылы аяқ­­­тауды тапсырды.

Президент елорданың индустриалды ны­сандарын аралау барысында бронды дөң­гелекті техника өндіруге және жаң­ғыр­туға маманданған Kazakhstan Paramount Engineering зауытына да барды. Бұл компания 2013 жылы құрылған. Қазақстан аумағында өз өндірісін ашу жә­не бәсекеге қабілетті за­манауи бронды тех­­никаға сервистік қыз­мет көрсету, сон­дай-ақ түрлі міндет­тер­ді орындауға ар­налған бронды дөңге­лек­ті машина өндірісін өркендету аталған компания­ның артықшылығы саналады. Мемлекет бас­шысы осы саланы ілгері­ле­тудің келе­ше­гі зор екенін ерекше атап өтіп, компа­ния­ны қорғаныс өнеркәсібіне маман­дан­ған отандық кәсіпорындарды да­мытуға жан-жақты атсалысуға ша­қырды.

 

Нұрлан ҚОСАЙ