Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, журналист Ершат Асматов халықты ұстаздың еңбегін ардақтауға шақырды.
Ершат Асматов: Ұстаздар еңбегін ардақтайық!
793
оқылды
– Менің екінші мамандығым – педагог. Екі жыл мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқардым. Сондықтан да мені бала тәрбиесі мәселесі көп ойландырады. Әсіресе бүгінгі таңда, яғни әлеуметтік желілер жанданып, адам психологиясына тікелей әсер ететін заманда, біз балаларды олардың кері әсерінен сақтауымыз керек. Мені, әсіресе, интернеттің әсерінен мектеп оқушылардың санасында әртүрлі артық дүниенің болуы алаңдатады.
Оқу жылы басталысымен мектеп үлгісіне, соның ішінде хиджабқа қатысты қоғамда қызу талқылаулар болды. Көбінің пікірі мектеп формасына қатысты дүрбелең туғызудың қажеті жоқ дегенге саяды. Сол көпшіліктің пікірімен келісемін. Себебі  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал  діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң, өз таңдауын жасағаны дұрыс.
Болашақта бүгінгі оқушыдан керемет имамдар, қарилер, теологтердің шығатынына кәміл сенемін. Мектепте оқып жүргенде олардың бірінші кезекте терең білім мен жақсы тәрбие алғаны дұрыс. Ал хиджабқа келсек, біріншіден, ол қазақ халқының ұлттық киіміне жатпайды. Екіншіден, нағыз мұсылман болу тек хиджаб киюмен өлшенбейді. Алла, иман, наным-сенім деген киімде немесе тілімізде емес, жүрегімізде сақталуы керек.
Айтпақшы болғаным, құрметті ата-аналар, әже-аталар, балаларыңыз бен немерелеріңіз құрбыларынан бөлінбей, солармен бірдей киініп, бірдей білім және тәрбие алсын. Орынсыз қыңырлығымызбен балаларымыздың да, мұғалімдердің де мазасын алып, ыңғайсыз жағдайда қалдырмайық. Керісінше, балаларымызға заманға сай білім және тәрбие берумен тікелей айналысатын мұғалімдерге алғысымызды білдіріп, қажет болғанда көмектесейік.
Айтпақшы, бүгін – Мұғалімдер күні. Бәрімізге ғажайып дүние сырын ұқтырып, білім берген, үлкен өмірге ақ жол тілеп аттандырған ұлағатты Ұстаздарымызды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтап, дүниедегі бар жақсылықты тілеймін!, – деді ол.
 
фото: kazbilim.kz