Қарағандылық дәрігерлер СОО эскалаторына қысылып қалған үш жасар баланың қолын кеспей, аман сақтап қалды. Ота екі сағаттан астам уақытқа созылды.
Қарағандылық дәрігерлер эскалаторға қысылып қалған баланың қолын кеспейтін болды
565
оқылды

Операция кезінде дәрігерлер қан кетуді тоқтатып, радиалды артерияны жалғады. Сондай-ақ, баланың оң қолының сүйектері түзетілді, білезік буынының капсулалары қалпына келтірілді, оң қолдың бір саусағының ұзын және қысқа сіңірі тігілді.

"2021 жылы туған бала облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыр халде жеткізілді. Микротамыр хирургі мен балалар травматологының қатысуымен ота жасалды. Ота 2 сағаттан астам уақытқа созылды. Медицина қызметкерлерінің жеделдігі мен хирург дәрігерлердің күш-жігерінің арқасында кішкентай пациенттің қолын кеспей, аман сақтап қалдық. Қазіргі уақытта бала аурухананың реанимациясында жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр", – деп түсіндірді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Ирина Тасмағамбетова.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін "Global City" СОО-да үш жасар баланың қолы эскалатордың айналмалы бөлігінде қыстырылып қалды. Арнайы мамандар баланы құтқарғанымен, ол ауыр халде ауруханаға жеткізілді.