Қонаев қаласынан акаде­миялық қалашық құру мақса­тында келер жылы Алматы­дағы жоғары оқу орындарын көшіру басталатыны белгілі болды.
Қонаевқа көшу қаншалықты тиімді?
3,065
оқылды

 Ал бұл тізімде қандай университеттердің бар екені туралы әлі нақты ақпарат шық­қан жоқ. Бірақ жұрт әлеу­меттік желіде «Әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ де Қо­наевқа көшеді екен» деп шу­лап жатыр. Бұл ақпарат қан­шалықты рас? Ірі уни­верситеттерді Алматыдан Қонаевқа көшіру тиімді ме?

«Қонаев академиялық қалашығы» ашылады

Естеріңізде болса, былтыр Қонаев қаласы жаңа мәр­тебе алды. Кейін Алматы облысы әкімінің аппараты Талдықор­ғаннан толығымен көшті. Қазір бұл облыстық маңызы бар қала. Осыған байланысты болашақта Қо­наев ұлғаяды. Қаланы дамыту­дың жаңа Бас жоспары да жаса­лып­ты. Бұрынғы Бас жоспар бо­йынша Қонаев аумағы 9 600 гек­тар жерді алып жатыр. Қаланың өзі бас­­­тапқыда 130 мың тұрғынға есептелген. Қазір статис­тика бойынша, қала тұрғындарының саны 40 мыңнан сәл ғана асады. Жаңа Бас жоспар бойынша Қо­наевтың ау­­­ма­­­ғы 19 мың гектарға, ал халық саны 200 мыңға дейін жетеді. Қаланы дамыту үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және жоғары білім министрлігіне «Қо­­­­наев ака­демиялық қалашығын» салу жөнінде ар­­­найы тапсырма берген еді. Осы мақсатта қалашық ау­­­­мағына 2023–2024 жылдарда толық инфрақұрылым жүргізу, халықаралық ұйымдар мен инвестициялық қорлардан қаржы тарту арқылы 2024–2027 жылдар аралығында еліміздің төрт университетін көшіру (1-кезеңде) және шетелдік төрт университетті ашу (2-ке­зеңде), ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертха­­налар, жатақханалар мен қонақүйлер салу жұмыстары атқарылатын болады. Қалашыққа 100 гектарға жуық жер телімі беріліп, Қонаев қаласының Бас жоспарына енгізілген.

– Президент Қонаев қаласынан үлкен академиялық қалашық ашу туралы тапсырма берді. Алматы облысының әкімдігімен тұжырымдаманы дайындадық. Қала­­­дан 97 гектар жер бөлінді. Ол жер арнайы индус­­триялдық-өндірістік алаң болады. Енді келесі жылы осы 97 гектар жерге Алматыдан қалаға жоғары оқу орындарын ақырындап көшіруді бастаймыз, – дейді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. 

Оның айтуынша, оқу орындарына көшу үшін екі жол ұсынылады. Университеттердің Қонаев қаласына көшуі ерікті түрде жүргізіледі.

– Біріншісі, біз жатақханамен жабдықтағанша студенттер сол Қонаевта тұрып, сабаққа жедел электр пойыздарымен барып, кешке Қонаевқа сонымен қай­тады. Оны Алматы облысының әкімдігімен пысық­тап жатырмыз. Мұндай формат негізі көп жерлерде бар. Екін­шісі, егер Алматыға мүлдем сыймай жатқан уни­вер­­­ситет болса, оның Қонаевта өз кампусын ашуы­на болады. Барлығы университеттердің ниетіне байл­а­нысты ерікті түрде жүргізіледі, – деді министр.

Студентпен бірге Алматыдан сән де кетпей ме?

Жалпы, дамыған елдерде жоғары оқу орындары кампустарының қала шетінде орналасу тенденциясы бұрыннан қалыптасқан. Бұл біріншіден, мегаполис­тердегі көлік қатынасын реттесе, екіншіден студенттер­­дің арнайы қалашықта алаңсыз білім алуына септігін тигізеді. Қазір Алматыда 190 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Еліміздегі 119 университеттің 35-і осы Алматы қаласында орналасқан. Бұл жағдай жатақ­­хана мәселесінің ушығуына да себеп болып отыр. Қо­лы­­мыздағы ақпаратқа сәйкес, қаладағы студент­­тердің 54 пайызы ғана жатақханамен қамтылған. Сон­дықтан Алматыдағы университеттерді Қонаевқа көшіру екі қалаға да тиімді. Бірақ бұл тізімде білімнің қара шаңыра­ғына айналған ҚазҰУ бар ма? Ол туралы әлі нақты ақпарат жоқ. ҚазҰУ, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ сияқты басқа да ірі университеттердің Қонаев­қа көшірілуі мүмкін екені туралы ақпаратты Қо­наев әкімдігі жоққа шығарды. «Қазір аталған универ­­ситеттерді көшіру туралы ресми расталған жоқ және ол бойынша хабарланбады», – деп мәлімдеді әкімдік. 

Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, кейбір факультеттердің Қонаев қаласына көшірілуі мүмкін. 

– Біз жоғары оқу орындарына жауаптымыз. Сол себепті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті не болмаса Қаныш Сәтбаев университеті сияқты үлкен оқу орындарының кейбір факультеттерін көшіру мүмкін­­дігін қарастырып жатырмыз. Мысалы, ҚазҰУ-дың өзі үлкен университет. Ол жерде жатақхана тап­шылығы бар. Бірақ басқа да жекеменшік университеттер қала сыртына көшеміз дейтін болса, біз мәселені қараймыз, – дейді Қуаныш Ерғалиев. 

Алайда қоғам белсенділері Алматыдан ұлттық университеттерді көшіруге қарсы. Себебін әркім әр­түрлі түсіндіреді. Бірі «мегаполистен студенттер кетсе, қа­ла қайтадан таз қалпына түседі. Қайтадан жалғыз қазақ мектебі болған кеңестік Алматы сияқты тілі бөтен қалаға айналады. Қазір қаланың орталық бөлігінде қазақша сөйлейтін тек сол студенттер ғана» деп күйінсе, енді бір бөлігі «ҚазҰУ қалашығы сатылып кетпеді ме екен?» деп алаңдаулы. Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың пікірінше, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетін Қонаев қаласына көшіру мүмкін емес. Себебі бұл университет – ежелден келе жатқан танымал оқу орны, қаланың имиджі. 

– Қазір 12 мың студент сыятын оқу орнына 29 мың бала келді. Олар жатақханаға сыймай жатыр. Тіпті, аудиториялар да жетпей, үш ауысымға ауысқандары бар. Ұлттық университетті көшірейік деген әңгіме осы мәселеден шығуы мүмкін. Бірақ оқу орнын толық көшіріп жібере алмаймыз. Тек кейбір факультеттерін ғана ауыстыруға болады. Сондықтан «келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, бұл мәселені жан-жақты талқылау керек. Қонаев қаласының мүмкіндік­теріне қарай кейбір саладағы университеттерді көшіруге болады, – дейді Рахман Алшанов.

Оқу орны көшер, оқытушы қайтер?

Жоғары оқу орындары қауымдастығы президенті-нің айтуынша, Қонаев қаласын ашқаннан кейін, ол жақты дамытуымыз керек екені түсінікті. Бір азаматтар Алматыдан Қонаевқа трамвайлар қатынасын қосайық деген де ұсыныс айтқан. Қонаевтың инфрақұ­рылымын дамытуымыз керек. Қазір студенттер еште­ңеге қарамастан Алматыға жаппай оқуға келіп жатыр. Жылына Алматыға 120-180 мың студент оқуға түседі. Олар дамыған қаланы көргісі келеді. Ал оларды Қо­наев­­­қа көшіру бір күнде шешілетін мәселе емес. Қонаевта жатақхана мен оқу ғимараттары болса, сту­денттер өздері-ақ баратын еді. Ауыл шаруашылығы, көлік саласындағы университеттер мен медицина сала­сындағы оқу орындарын, туризм, биология бағытында оқытатын факультеттерді Қонаев қаласына көшіруге болады. Биолог, археолог сияқты мамандықтарда оқитын 4-курс студенттерін Қонаев қаласына тәжіри­беден өтуге де жіберуге болады.

– Жоғары оқу орындарының өкілдерімен кездестік. Олар: «көшсек Қонаев қаласына оқытушылар бара ма? Жатақхана мәселесі шешіле ме? Алматыдан кетіп қалсақ, ол жақтағы жағдайымыз қалай болады?» деп екі­ойлы болып отыр. Кезінде Медициналық универ­ситеттің ректоры Айхан Ақанов: «Қаланың шетіне көшер едім, бірақ жол, корпус салу керек. Оқытатын мұғалімдердің қатынауы да қиын болады» деп айтқан еді. Байқасаңыз, Америкада университеттер қала сыртында орналасқан. Петербордың сыртына да сондай тәжірибемен кампустар салған. Бірақ оқытушылар қала сыртына бармай қойды. Себебі америкалықтардың барлығында көлік бар. Олардың мүмкіншіліктері, алатын еңбекақылары да басқа. Өзге елдің тәжірибесін енгіземіз десек, біз де өз мүм­кіншіліктерімізге қарауы­мыз керек. Өйткені оқы­тушылардың барлығы бірдей Алматыдағы жылы орнын суытып, Қонаевқа бармайды. Иә, Қонаевты дамы­туымыз керек, Алматыға халық сыймай жатыр. 40 мың студент Алматыда пәтер жалдап жүр. Егер олар Қо­наевқа барса, ата-аналардың қалта­сына түсетін салмақ та азаюы мүмкін. Бірақ мәселе қалай шешіледі? Қонаевта оқу орындарының корпусын кім салады? Инвесторлар ақша салса да, олар қаржысы­ның өтел­генін талап етеді. Бүгінде бір жатақхана салудың өзі 2 миллиард теңге көлемінде. Оқу ғимаратын салу бұдан да қымбатқа шығады. Сосын оқытушыларға да арнайы пәтер салынуы керек. Сондықтан мемлекет­тік арнайы бағдарлама болмаса, Қонаевқа университет жеке қалашық сала алмайды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қонаев қаласы әкімдігінің бюджеті шектеулі. Сонда оқу орындарын кім салады? – дейді Рахман Алшанов. 

Еліміздегі әзірге қала сыртында орналасқан жалғыз жоғары оқу орны – Сүлейман Демирель атындағы уни­верситет. Оқу орнының ректоры Әлімжан Иген­баевтың пікірінше, жатақхана – жоғары білім саласындағы күрделі мәселелердің бірі. Бұл жағынан алғанда ми­нистрдің жоғары оқу орындарын қаланың сыртына көшіру туралы ұсынысы өте маңызды. Сондықтан кампус­тарды қала сыртына көшірудің тиімділігі көп. 

– Негізі, халық көп шоғырланған кез келген қала­ның белгілі бір саны студенттерден құралған. Олар өз кезегінде міндетті түрде мобильді көлік қолданады. Ал қоғамдық қатынас қаланың тұрмыс-тіршілігіне үлкен әсер етеді. Сондай-ақ олар үшін қажетті оқу орнының ғимаратынан бастап, жатақхана, кітапхана, ойын-сауық орталықтарына дейін қала ішіндегі транспорттық хал-ахуалға ықпал етеді. Қаланың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайына тікелей әсер ететін осындай бірне­ше жағдайды есепке алар болсақ, қала сыртында бөлек кампустардың болуы студент үшін де, сол жердің әлеу­меттік-экономикалық өсімі үшін де артықшылығы бар. Университеттерді қала сыртындағы елді мекендерге көшіру арқылы мегаполистегі автобустардың жүкте­месін жеңілдетуге мүмкіндік туады. Қалада тұратын білім алушылардың санын азайтып, студенттік өмірдің өзіндік мәдениетін қалыптастыруға тікелей әсер етуге септігін тигізеді. Бірақ ол үшін кампуста оқу ғимара­тының аумағы мен студенттің білім алуына қажетті бар­лық жағдай жасалуы керек. Бұл студент үшін маңызды, – дейді ректор. 

Ендеше кейбір университеттерді Қонаевқа көшіру екі қала үшін де тиімді. Бірақ жаңадан салынатын «Қонаев академиялық қалашығында» студент пен оқытушыға қажетті барлық жағдай жасалуы керек. Ал ҚазҰУ-ды басы бүтін Қонаевқа көшіре алмаймыз. Өйт­кені Алматы мен ҚазҰУ егіз ұғымға айналып кет­кен. Екеуін бір-бірінен бөлу тарихқа қиянат жасаумен бірдей. 

Көктем ҚАРҚЫН