Президент заңнамаға өзгерістер енгізуге болатынын айтты.
2025 жылға дейін барлық облыс орталығы 5G интернетпен қамтылуы тиіс –  Тоқаев
772
оқылды

Президент Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумында 2027 жылға дейін барлық облыс орталығын ұялы байланыстың жаңа буынымен қамту міндеті жүктелгенін еске салды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Тоқаев аталған міндетті мерзімінен бұрын, 2025 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.

«Технологияның қарыштап даму жағдайында біз де қарқынды арттыруымыз керек. Үкімет бұл жұмысты мерзімінен бұрын, яғни 2025 жылдың соңына дейін аяқтауы қажет. Әрине, мерзімнің өзгеруі көрсетілетін қызметтердің сапасына әсер етпеуге тиіс. Бұдан бөлек, бұл мақсатқа жету үшін төменгі орбитадағы спутниктік жүйелердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, шалғай аудан тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету маңызды. Үкімет бұл мәселені жан-жақты пысықтауы керек. Қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық статистика бюросын цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру қажет екеніне тоқталды. 

«Ұлттық статистика бюросын нағыз цифрлық ведомствоға айналдыратын маңызды реформаны жүзеге асыру керек. Статистикалық және басқа да деректерді ретке келтіру үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Оның ішінде басқару саясатын әзірлеу, деректердің мақсатты архитектурасын анықтау мәселесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мемлекеттің тиімді шешімдер қабылдауының негізгі шарты болады. 5G желісін кең көлемде енгізу инновацияның дамуына тың серпін береді. Бұл процесс Қазақстанда қазірдің өзінде жүріп жатыр», –  деді ол.