Келіп түскен өтініштердің 55 мыңы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтін болып шыққан.
Қазақстанда 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды – Қаржы министрі
1,151
оқылды

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәліметінше, жеке тұлғаларды банкрот деп тану бойынша биыл 3 наурыздан бастап 68 мыңнан астам өтініш келіп түскен, – деп хабарлады Aikyn.kz.

Жыл басынан бері келіп түскен өтініштердің 55 мыңы банкроттық рәсімге сәйкес келмейтін болып шыққан. Олардың негізгі себептері: мүліктің болуы, борышкердің қарыз сомасы мен төлем мерзімі бойынша сәйкессіздік және кредитормен борыштың дұрыс реттелмеуі.

«Нәтижесінде, бүгінгі таңда 8 млрд теңгеден астам борыш сомасына 5,6 мыңға жуық азамат банкрот деп танылды. Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін соттарға 1 200-ге жуық азамат жүгініп, 35-тен астам банкроттыққа қатысты шешім шығарылды», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар, кейбір борышкерлер бірнеше кедергі салдарынан банкроттық рәсімін қолдана алмай отыр.

Осы ретте министр бірнеше жаңа норма енгізуді ұсынды:

  • соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту;
  • азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжаттар беруден босату;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін негіздерден өтініш берушінің 12 ай ішінде кредиторлар алдында өтеудің болмау фактісін растауды алып тастау;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау.

Бүгінде Үкімет халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендету және «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейту бойынша нақты шаралар қабылдап, жүзеге асырумен айналысып жатыр.

 

Фото: kapital.kz