Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексерісті бастады.
Екібастұзда 1,5 жастағы бүлдіршін дәріге тұншығып, көз жұмды
1,068
оқылды

Екібастұзда 1 жарым жастағы бала дәріге тұншығып, көз жұмды. Оқиға қаладағы орталық ауруханада болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Сәбидің ата-анасының айтуынша, бұған ақ халаттылардың салғырттығы себеп болған. Ұйықтап жатқан балаға медбике қатарынан 3 бірдей ине салған. Артынша дәріні күштеп ішкізу үшін мұрнын қысқан. Осы кезде сәби дәріге тұншығып, көз жұмған.

«Мен дәрігерге кетісімен, медбике балама ешбір нұсқаулықсыз асқазанына су жіберіп, қақырығын тазалаймын деп зонт қойған. Енді біздің күдігіміз сол зонт асқазанға тікелей бармай, өкпе қуыстарды жауып, баланы тұншықтырып өлтірді деген тұжырымға келіп тұрмыз», – дейді баланың анасы Дана Құрманғалиева.

Осы жағдайға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексерісті бастады.

«Баланың өкпесі қабынған. Жүрегінде де ақау болды. Бұған дейін бірнеше рет дәрігерлер көмегіне жүгінген болатын. Қазір баланың өліміне байланысты қызметтік тексеру басталды. Оның құрамына өңірдегі балалардың бас дәрігері бастаған бір топ медицина қызметкері кіреді. Осы оқиғадан кейін ауруханада жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп жатыр», – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Жармакина.