Қайтыс болған 40 адамның аты-жөні белгілі болды, қалған 6-уы әлі анықталмаған.
Костенко шахтасында қаза тапқан 46-кеншінің дене мүшелері табылды
808
оқылды

31 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы жағдай туралы баяндады,   деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды.

Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, 6-уы анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі.

Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс істеу қиынға түсті.

Қазір ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде.

«Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған»,  –  деп атап өтті министр.

Қазір  тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды.