Әйел 2023 жылдың 31 қазанында таңғы сағат 08:00 шамасында үйінен шығып кеткен.
Ақмола облысында 10 күн бұрын үйінен кетіп қалған әйел іздестіріліп жатыр
1,246
оқылды

Ақмола облысының Степногор қаласында 10 күн бұрын үйінен кетіп қалған әйелге іздеу жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 8 қарашада Степногор қалалық ПБ кезекші бөліміне 23 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, 22 жастағы әйелі Елена Сергеевна Моисееваның жоғалғанын айтқан.

Ер адамның сөзінше, әйелі 2023 жылдың 31 қазанында таңғы сағат 08:00 шамасында үйінен шығып кеткен. Содан бері одан еш хабар жоқ, ұялы телефоны өшірулі.

Жоғалған адамның бойы 160-165 см, дене бітімі орташа, шашы қара қысқа, көздері қоңыр, мұрны түзу, ерні жұқа, құлағы кішірек келген.

Басына қызғылт сары баскиім, үстіне қара, қысқа күрте, қара джинсы, аяғына қара етік киген, қолында жасыл түсті сөмкесі болған.

– Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында жоғалған адамның банк картасы Астана қаласында қолданылғаны анықталды. Қазіргі уақытта іздеу шаралары жалғасуда, жоғалған адам туралы ақпарат және бағдарлар Полиция департаментінің барлық аумақтық бөлімшелеріне және көршілес аймақтарға жіберілді. Елена Сергеевна Моисееваның орналасқан жері туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдар дереу Ішкі істер органдарына хабарласуын сұраймыз, – деді ведомстводан.