Тергеп-тексеру кезінде анықталғандай, өрттің шығу себебі – қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай (құрғақ найзағай) жер жамылғысының тұтануына себеп болған.
Бас прокуратура Абай облысындағы алапат өртке қатысты істі сотқа жіберді
454
оқылды

Бас прокуратура Абай облысындағы ірі орман өртіне қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтап, 27 қазан күні сотқа жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Тергеп-тексеру кезінде анықталғандай, өрттің шығу себебі – қылқанжапырақты ағаштың діңіне түскен найзағай (құрғақ найзағай) жер жамылғысының тұтануына себеп болған. Аталған нұсқаны сарапшы, маман қорытындылары, фото/видео түсірілімдер, куәлардың айғақтары және қылмыстық істің басқа да құжаттары растап отыр", – деп жазды бақылаушы органнан. 

Бұған қоса өрт кезінде "Семей орманы" резерваты және Новошульбинск филиалының басшылығы өзіне заңмен жүктелген өрт сөндіру өкілеттіктерін орындамаған, жағдайды теріс бағалаған және өрт сөндіру кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қамтамасыз етпеген, салдарынан 14 адам қаза тапты,

"Семей орманы" резерваты және Новошульбинск филиалы басшылығының іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігімен сараланып (өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген), "үйқамақ" түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", – делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Қадағалаушы орган Экология және табиғи ресурстар және төтенше жағдайлар министрліктерінің лауазымды тұлғаларының әрекетсіздік дерегімен тіркелген сотқа дейінгі тергеп-тексеру әлі жүріп жатқанын мәлімдеді.

"Мамандардың қорытындылары алынғаннан соң барлық лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Қазақстан Республикасы қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп жазды ведомстводан. 

2023 жылғы 8 маусым күні Абай облысының Батпаев орман шаруашылығы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" РММ-де орманда өрт шықты.

Өрт салдарынан 60 мың гектар орман қоры жойылып, "Семей орманы" резерваты Новошульбинск филиалының 14 қызметкері қаза болды.