«Біз Ата Заңымызда жер мен та­биғи ресурстар халықтың меншігі де­ген басты қағидатты бекіттік. Бұл құр сөз емес. Бұл – барлық реформа­­ның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пай­­­­даланып жатқан ұлттық байлық­­­­тың игілігін көруі керек».
Ұлттық қор – ұрпақ игілігіне
657
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйектегі «Әді­­­­летті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бере­­­келі қо­­ғам» атты халыққа Жолдауында осы­­­лай деп мәлімдеген. Президент Үкіметке «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағ­­­­д­ар­­­ламаны жүзеге асыруды тапсырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қор­­­­дың инвестициялық табысының 50%-ы балалардың есепшотына түсуге тиіс еке­­нін айтты.

Басты мақсат – Қазақстанда әділет­­­­­тілік орнату екенін айтқан Мемлекет басшысы бұл тақырыпты былтырғы «Әді­­­летті Қазақстан: бәріміз және әрқай­­­­сымыз үшін. Қазір және әрдайым» сай­­­­лауалды бағдарламасында да басшы­­­­лы­­қ­­­­­қа алған. «Мемлекет монополияларды жояды, табыстың әділ бөлінуін қамтама­­­­­­сыз етеді», – деді Қ.Тоқаев.

Биылғы жыл тиісті ведомстволар мен Парламенттің қос палатасы аталған жо­­­­баны әзірлеп, иін қандыра пысықтап шық­­­­­ты. Президент 2023 жылдың 16 қа­­ра­шасында Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлетін заңға қол қойды. Бұл заң Қазақстан халқының саны 20 милли­­­­онға жетті деген ақжолтай жаңалықпен қатар шыққан. Қазақ қоғамы бұл сүйінші хабарды қуана қабылдады. Өйт­­­кені ұлттық байлықты бөлу мүмкіндігі Ұлттық қор құрылғалы бері бірінші рет жүзеге асқалы тұр. 

Ұлттық қор демекші, Қазақстанда мұ­найдан түскен табыстың бір бөлігі ке­йінгі ұрпаққа қалдырар мұра һәм алда кезігер ауыр күнге азық болсын деген ұсы­ныс 90-жылдардың соңына қарай ай­тыла бастаған. Қор ресми түрде 2001 жы­лы құрылды. Президент Қ. Тоқаев ол кезде (1999–2002 жж.) Ми­нистрлер кабинетін басқарып тұрған. Ұлт­тық қорды құру тәртібі жан-жақты пысық­­талып, Иран, Кувейт, Норвегиядағы мұ­най қорларынан бастап, тіпті Брази­­­­лиядағы Кофе қорының жұмысына де­­­йін зерделенген болатын. Ақыры, 1990 жыл­дары құрылған Норвегияның мем­­­лекеттік мұнай қорының қызметі не­гізге алынды. 

БАЛАҒА БҰЙЫРҒАН БАЙЛЫҚ

Сонымен, келесі жылы қор қаржысы Қазақстан азаматы атанған әр баланың есепшотына түсе бастайды. Оны қалай білеміз? Қаржы министрлігі таратқан мә­ліметке сүйенсек, ата-ана баласының шотына түскен қаржыны екі түрлі тәсіл­­мен тексере алады. Біріншісі – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қыз­­меті арқылы. Ол жерде ЖСН ен­­­­­гізу арқылы балаңыздың атынан ақша түсті ме, жоқ па, біле аласыз. Бірақ БЖЗҚ сайтында сол жылдың есебі ғана көрінеді. Егер сізге бірнеше жылдағы саль­доны салыстырып қарау керек бол­са, eGov-тағы жеке кабинетіңізге кіріп анықтайсыз. Бұл – шоттағы қар­­­жыны тексерудің екінші тәсілі. Осы жыл­­­­дың аяғына дейін бұл қызмет түрі то­­­лық әзірленіп, аяқталмақ. Айта кетер­­лігі, балаңыздың есепшоты «БЖЗҚ» АҚ-да Әділет министрлігінің жеке тұлға­­ларының дерекқоры негізінде автоматты түрде ашылатын болады. Яғни, екінші деңгейдегі банктерге барып, шот ашып әуре болмайсыз. 18 жасқа толған кезде қаражат баланың меншігі болады, ол қаражатты қалай пайдалану керектігін азамат өз бетінше шешуі керек (білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақ­сар­­­­туға). Бұл ретте шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайда­­лануды шектемеу мәселесі де қарасты­­­рылып отыр. Егер жиналған қаражатқа баспана аламын десеңіз, Қазақстан ау­­ма­­­­ғындағы кез келген өңірден үй са­тып ала аласыз. Осы қаражатқа сатып алған үйіңізді қайта сату бойынша шектеу жоқ.

Егер есепшот иесі 18-ге толғаннан ке­йін де 10 жыл ішінде қаражатты пайдаланғысы келмесе, жиналған қара­­­жат оның зейнетақы шотына аудары­­­­ла­ды. Сондай-ақ азаматтық заңнамаға сәй­кес іс жүзінде жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі қарастырылған. «Бала әрекетке қабілет­­­­сіз болған жағдайда, ата-аналарға (заңды өкіл­дерге) ҚР заңнамасында белгіленген тәр­тіппен қаражатты пайдалануға құқық беру жоспарлануда», – делінген ми­­нис­тр­­­­­­­­лік ақпаратында.

ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖИНАЛУЫ МҮМКІН?

Елді елеңдетіп отырған негізгі сауал­­дың бірі де осы. Ұлттық банк мен Қаржы ми­­­нистрлігінің дерегінше, Ұлттық қор­­дың инвестициялық табысының жарты­­сы (50%) жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлі­­­­неді. Яғни, әр балаға бөлінер қаржы ин­­вестициялық табыс түсімінің көлеміне бай­­ланысты. Орта есеппен алғанда ма­­мандар 1 жастан 18 жасқа дейінгі уақыт ішінде болжамды сома шамамен 3,5 мың доллар болуы мүмкін дегенді айтады. «Бұл сома капитал нарығының құбыл­­­­малылығын ескере отырып, тарихи деректер негізінде есептелген және әлем­­­дік экономиканың конъюнк­­тура­­­­сына байланысты түзетілуі мүмкін», – делінген Қаржы министрлігінің ақпа­­ратында.

Ашық дерек көздерінде Ұлттық қор құрылғаннан бастап 2022 жылға дейінгі аралықта орташа жылдық табысы 3,17%-ды құрапты, соңғы 5 және 10 жылда жылдық көрсеткіш 1,70% және 1,67% дең­­гейінде болған. Осыған орай, кейбір сарапшылар инвестициялық кірістің орташа жылдық көлемін есептеп, қорға бір жылда 935 млрд теңге түсім түседі деп болжап отыр. Яғни, бұл инвесткірістің 50%-ын «Ұлттық қор – балаларға» жобасына аударғанда, бір баланың есепшотына жылына 74 241 теңге үлес түсуі мүмкін. Дегенмен бұл алдын ала болжам ғана. Үкімет қордың инвести­­циялық табысы алдағы уақытта арта тү­седі деген сенімде. 

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ерлан Стамбеков мұндағы барлық қар­жылық операциялар АҚШ долларымен жүр­гізілетіндіктен инфляциядан келер аса қауіп жоқ екенін айтады. «Қаражат әр баланың есепшотына доллармен есеп­теліп түседі және 18 жасқа толғанда доллармен аударылады. Сондықтан да сенімділік бар. Себебі әлемде қаржылық операциялардың 84%-дан астамы АҚШ доллары арқылы жасалатындықтан, оның бағамы өзгеріске ұшырай қоймай­­­ды. Екінші сенімділік беретін нәрсе Ұлт­тық қордың қаражаты шетелдік банк­терде сақталады», – дейді депутат.

АҚШАНЫҢ ЕСЕБІ АШЫҚ БОЛУҒА ТИІС

Ендігі мәселе – ұлттың игілігіне ай­­­нал­­ғалы отырған ұлттық қор қаража­­­тының ашық жұмсалуында. Мамандар ұлттық қор қаржысына халықты тікелей ортақтастыру бұрнағы жылдардан қара­ғанда қадағалауды күшейте түседі деген пікірде. Себебі қор құрылған алғашқы 15 жыл ішінде (2001–2016 жылдары ара­лы­­ғында) қажеттілік үшін деген же­леумен 9,9 трлн теңге ($60,2 млрд) шешіп алынған. 2014 жылы Ұлттық қордың қа­­ра­жаты 77 млрд доллар болса, одан бергі кезеңде валюталық активі біртіндеп қысқару үстінде болды. Ұлттық банктің қазан айындағы дерегіне сүйенсек, қор­­дың дәл қазіргі активі – 56,348 млрд доллар.

Кейбір сарапшылар осы уақыт ішінде Қазақстанның 500 млрд доллар жинақтай алатын мүмкіндігі болғанын айтады. 2014 жылы белгілі экономист Сайлау Бай­­­­зақов «егер бұл қаражат жұмсалмай жата бергенінде Ұлттық қордың ақшасы 2050 жылға дейін ЖІӨ-нің 60%-ы деңгейіне жетер еді», – деп қынжылғаны есі­­­­­мізде. Салыстыру үшін айтсақ, норвег қоры алғаш құрылған кезде қаражаты 50 млрд доллардың айналасында болса, қазір триллионмен (2022 жыл – $1,4 трлн) есептеледі.

 «Енді бұл қаржының әр тиынының есебін ел сұрап отыратын болады. Бұ­­рын­­­ғыдай банктерді дағдарыстан құт­қаруға жұмсау, квазимемлекеттік ком­­­панияларға аудару деген қысқарады. Бюд­­­жетте ақша азайса, Ұлттық қор есе­­­бінен жабу дегенді азайту қажет. Мәсе­­­лен, биыл бюджет түсімі 19 трлн теңге бол­ды, ал шығыс – 22,5 трлн теңге. Демек, үкімет ендігі жерде тиімсіз жобалардан бас тартып, шығынды азайту керек. Елге ең керекті жобаларға қаражат бөлуді ойласты­­­румен айналыссын. Біздің Қаржы және бюджет комитеті Ұлттық қор қаражатының жұм­салуын тікелей қадағалап отыратын болады», – дейді Ерлан Стамбеков.

Бауыржан БАЗАР