Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінген
Елдегі медицина саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі
Фото: egemen.kz
645
оқылды

Елдегі  медицина саласын дамыту – Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге үнемі ерекше назар аударып, саланы дамыту үшін нақты тапсырмалар беріп келеді. Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасында да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген. Осы ретте Aikyn.kz кейінгі бір жылда Президенттің сайлауалды бағдарламасы шеңберінде денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға шолу жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында отандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту туралы айтып, нақты іс-шаралар кешенін ұсынған болатын. Оның ішінде ең негізгілерінің бірі сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Аталған сайлауалды бағдарлама білікті медицина мамандарын даярлау, түрлі дерттің алдын алу шаралары, денсаулық сақтау саласындағы импортты алмастыру, медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру, ауылды жерлерде медицинаны дамыту сынды негізгі міндеттерді қамтиды. 

Қазан айында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният алғашқы медициналық көмек саласын нығайту бағытында нақты шаралар қабылданғанын айтқан еді. Бұл нәтижеге амбулаториялық деңгейдегі қаржыландыру көлемінің ұлғаюының арқасында қол жеткізілген. Мәселен, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бір азаматқа шаққандағы жылдық нормативіне 12 мың теңгеге қосылып, қазіргі мөлшері 27 мыңға жетті. 

Онкологиялық ауруларға күдікті науқастарды диагностикалау саласында да оң өзгерістер орын алды. Бүгінде, алғашқы медициналық көмек ұйымдарында аталған дерт бойынша жүгінген пациенттерді тексеру уақыты 18 күннен аспайды. Бұл қатерлі ісік ауруының ерте кезеңде анықталуына жағдай жасап отыр.

Бүгінде Қазақстанда 79 инсульт орталығы бар. Кейінгі бір айдағы мәліметке сәйкес, оларда 30 мыңнан астам пациент ем алған. Бұл 2022 жылғы кезеңмен салыстырғанда 7%-ға артық. 

Елімізде денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қашықтан медициналық қызметті дамыту бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. 

Атап айтқанда, елімізде бірнеше отандық цифрлық шешімдер енгізілуде:

  • SmartECG бағдарламалық қамтамасыз ету – кардиологиялық зерттеулер нәтижелерін қашықтан интерпретациялау. Қазақстан Республикасының 15 өңірінде жұмыс істейді;
  • EyeLab аппараттық-бағдарламалық кешені – көз түбі кескіндерін автоматты түрде интерпретациялау және қашықтан өңдеу. Астана және Алматы қалаларында, Жамбыл, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Жетісу облыстарында жұмыс істейді;
  • MedReview бағдарламалық қамтамасыз ету – сәулелік диагностика қызметтері (рентген/мамография/КТ/МРТ) бойынша қашықтан қорытындыларды қалыптастыру. Астана қаласында және Жамбыл облысында жұмыс істейді;
  • HES-7 денсаулық диагностикасы жүйесі – шалғай ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерден пациенттердің денсаулық жағдайы туралы диагностикалық ақпаратты қашықтан жинау және жіберу және телемедициналық консультациялар жасау. Пилоттық апробация Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Атырау, Ақтөбе облыстарында өткізілді;
  • киілетін құрылғыларды пайдалана отырып, азаматтардың денсаулығына қашықтан мониторинг жасау жүйесі – әлеуметтік маңызы зор үш ауру түрі: қант диабеті, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі және гипертония бойынша денсаулықтың негізгі параметрлерін қадағалау. Пилоттық сынақ Астана, Алматы қалаларында және Павлодар облысында жүргізілді.

Жалпы, 2023 жылдың 9 айында халыққа телемедициналық консультацияларды қоса алғанда, 687 мыңнан астам қашықтан медициналық қызмет көрсетілді.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру шеңберінде өңірлерде жалпы саны 2,4 млн адамды қамтыған 500 мыңнан астам іс-шара мен тақырыптық дәріс өткізілді. Негізгі бағыттар – саламатты және рационалды тамақтануды насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, темекі өнімдері мен алкоголь тұтынуды азайту, психикалық және репродуктивті денсаулықты қорғау, жарақаттануды азайту.

Жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңеюде. Бүгінде қалалар мен ауылдық жерлерде 138 орталық жұмыс істейді. 2023 жылдың 9 айында 620 мыңнан астам адам тиісті қызметтермен қамтылды.

Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бекітілді. Бүгінгі таңда жоба шеңберінде 13 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы аяқталды. Тағы 86 объектінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 көпсалалы орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Осылайша, Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы негізінде денсаулық сақтау саласы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын байқауға болады. Алдағы уақытта да ел халқына медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша нақты шаралар жалғасын табары анық.