Алматыда VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті.
Қоғамдық палатаның көшпелі отырысында «Масс-медиа туралы» заң жобасы талқыланды
498
оқылды

Бүгін Алматыда VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Жиын Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясы аясында ұйымдастырылды. Депутаттар мен сала мамандары «БАҚ туралы» заң жобасын талқылады.

Қоғамдық палата отырысына Мәжіліс депутаты Айдос Сарым төрағалық етіп, Парламент депутаттары мен Қоғамдық палата мүшелері, тиісті министрлік өкілдері, қазақстандық БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.

Айдос Сарым саланың мәселелерімен етене таныс мамандар бас қосатындықтан «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылау алаңы ретінде «Media Құрылтай» конференциясы таңдалғанын атап өтті.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов жаңа заңда отандық медиа саласының дамуына сапалы серпін беретін бірқатар жаңалық қарастырылғанын айтты. Атап айтқанда, журналистерді құқықтық қорғау мақсатымен БАҚ материалдарының ескіру мерзімі енгізілген.

– Қолданыстағы заңнама медиа қауымдастықты мұрағаттарды сақтауға міндеттейді. Өйткені кез келген азаматтың ар-намысын қорғау туралы талаппен сотқа жүгінуге құқығы бар және осы немесе басқа жарияланымдарға сәйкес еңбегі бірнеше жыл бұрын жарияланған болуы мүмкін. Біз бұл кезеңді үш жылмен шектейміз. Осы тұста айта кететін жайт, Мәдениет және ақпарат министрлігі оның қосымша қысқартылуына қарсы емес, – деді вице-министр.

Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өтініштерінің түрлері мен оларға жауап беру мерзімдерінің нақты градациясы белгіленеді. Гранттық қаржыландыруға көшу жоспарланып, ресми отандық спутниктік құрылғыларды субсидиялау енгізіледі. Қазақстандағы БАҚ саласының жай-күйін бағалау және журналистердің құқықтары мен бостандықтарына мониторинг жүргізу үшін жыл сайын тиісті ұсыныстар әзірленіп, Ұлттық баяндама дайындалатын болады.

Сонымен қатар аккредиттеу процестерін автоматтандыру үшін баспасөз карталарын енгізу ұсынылды. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова өз сөзінде осыған қатысты нормаға тоқталды.

– Үкіметтен келген нормада журналистерді аккредиттеу, жеңілдетілген аккредиттеу және баспасөз картасы атты үш ұғым берілді. Біз негізгі толыққанды бір ұғым, яғни, аккредиттеуді қалдыруды сұраймыз. Себебі ол ортақ реттелген тәртіпке негізделуі қажет. Егер оның жеңілдетілген, онлайн немесе басқа да түрлері болса, азаматтар арасында түсініспеушілік, журналистер арасында теңдік мәселесіне қатысты сұрақтар туындайды. «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттары баспасөз картасы туралы норманы қолдамайды және ол норманы алып тастауға байланысты түзету енгізілді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттың айтуынша, баспасөз картасы журналистің аккредиттеу рәсімінен өткенін растайтын құжат болып саналады. Бұл бапты «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасы заңы талаптарына сәйкес келмейтіндіктен және журналистерді аккредиттеу рәсімінің қолданыстағы талабына қайшы болғандықтан толығымен алып тастау ұсынылады.

Отырыс барысында қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосанов, саясаттанушы Данияр Әшімбаев, Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, саясаттанушы Марат Шибұтов және басқа да қатысушылар заң жобасына қатысты пікірлері мен оны жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді.

– Қызу пікірталас болды, тың позициялар айтылды. Олардың негізгілері бойынша ұсыныстар дайындаймыз, кейбірі Мәжілістің жалпы отырысында қаралады. Қоғамдық палата ынтымақтастыққа дайын, сондықтан әрі қарай қарастыру үшін ұсыныстарды егжей-тегжейлі салыстырмалы кесте түрінде берулеріңізді сұраймыз, – деп қорытындылады А.Сарым.