«Әділдік жолы» РҚБ Түркістан облысы филиалының басшысы Амангелді Қалыбек Түркістан облысы халқының қаржылық сауат­тылығын әлі де арттыру керек екенін айтады.
Алаяқтарға алданатындар көп
646
оқылды

Себебі туыстық қарым-қатынасты бе­рік ұстанған, алыстағы ағайынның өзін жақынындай көретін бауырмалдығы ба­сым сенгіш халық көп жағдайда қар­жы­лық сауаттың кемдігінен алданып, алаяқтың жиі құрбаны болады екен. «Сон­дықтан қоғамдық ұйымдар, БАҚ өкіл­дері болсын жан-жақты насихаттау жұ­мыстарын жүргізе бергені ләзім», – дей­ді Амангелді Қалыбек. 

«Негізінен, Түркістан облысының әлеу­меттік жағдайына, мүмкіндіктеріне қа­ра­ған дұрыс. Ауыл шаруашылығы жақ­сы дамыған өңірде керісінше өндіріс, өнер­кәсіп орындары тіптен аз. Ал ауыл шаруа­шылығы жақсы дамығандықтан, ауы­лы аралас, қойы қоралас отыратын туыс­тық, ағайындық, бірі-біріне деген се­нім біте қайнасып кеткен. Бізге көмек сұ­рап келетіндер көп жағдайда ағайын ара­сындағы алаяқтық әрекеттен зардап шек­кендер болып отыр. Мәселен, ағайын туы­сы келіп, «Сенің үйіңді банкке кепілге қоя­йын, сөйтіп мал алып, тірлік бастап, кә­сібімді дөңгелетейін. Маған көмек бе­ріп жібер», – дейді. Әрине, күнде көріп жүр­ген танысы, қала берді айналып кел­ген­де туысы болып шығатын жанға келі­сім бермесе тағы болмайды. Ағайынның арасында «ұят болады» деген дүние тағы бар. Соңында ол қаржыны төлей алмай қа­л­атын, кешіктіретін тіпті үйінен айы­ры­лып қалатын жағдайлар орын алады. Түркістан облысында дәл осыған ұқсас жағ­дайлар көп. Бұл – шешілуі өте қиын жағ­дай. Мұның барлығы да осы қаржылық сауаттың төмендігінен. Біз «Қандай жағ­дай болмасын банкке кепілдікке өзің­нің жылжымайтын мүлкіңді қойма. Ағайы­ныңыздың арам пиғылы болмауы мүмкін. Бірақ өмірде түрлі жағдай болады. Кәсібі жүрмей қалса, сонша ақшаны құя ал­май қалады. Зардабын сіз және отба­сы­ңыз көреді» деп барынша түсіндіреміз», – дейді Амангелді Қа­лыбек . 

Ал дәл осы «Әділдік жолы» РҚБ Шым­­­­кент филиалының басшысы Айжан Ке­се­бева болса, әлеуметтік желіні белсенді жүр­гізетіндіктен тек Шымкент қаласынан емес, Түркістан облысы аумағынан, басқа өңір­лерінен көмекке жүгінетіндер көп еке­нін айтады. 

«Қаржылық, құқықтық сауат мә­се­лесіне келсек, оңтүстік өңір халқы­ның құқықтық сауат деңгейі басқа өңір­лермен салыстырғанда төмен деп ай­тар едім. Мүмкін бұның бір себебі – ха­лық­тың тығыздылығымен де түсін­дірі­ле­тін болар. Интернет алаяқтарға алданатын ха­лық саны күннен-күнге артып жатыр.  Өкі­ніштісі сол, ол – алаяқтардың басым көп­шілігін табу мүмкін емес, олар – шетелдік аза­­маттар. Уақытылы жалақысын ала ал­май­тын, микроқаржы ұйымдарынан көп­теп қарызға белшесінен батқандар өте көп. Сондықтан қазақ тілді заң­гер әріптестерімді қоғамды бірге құ­қық­тық сауаттандыруға шақырғым келе­ді», – дейді ол. 

Осы тұста Түркістан облысының про­ку­роры Мұрат Тлеубердиевтің аймақтарға шы­ғып, жергілікті активпен тұрғындармен кез­десуі кезінде қаржылық сауаттың тө­мендігінен алаяқтық жайттердің өзекті бо­лып отырғанын жеткізіп жүргенін еске са­лайық. Облыс прокуроры құқық­бұзу­шы­лық профилактикасын күшейтіп, ин­тернет-алаяқтыққа қарсы кешенді кү­рес жүргізудің маңыздылығына тоқ­та­ла­ды. Өйткені соңғы уақытта интернет ар­қы­лы жасалатын алаяқтық құқықбұзу­шы­лықтар көбейіп кеткен. Нақты статис­ти­ка­лық деректерге сүйенсек, соңғы 5 жыл­да елімізде интернет-алаяқтық фак­тісі 10 есеге өскен. 

Соның ішінде онлайн сауда мен сайт­тар арқылы алаяқтың құрбаны болу көр­сет­кіші айтарлықтай жоғары. Алаяқтар ин­тернет арқылы көбіне инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотореяны жар­на­ма­лап, азаматтардың ақшаларын жымқы­ру­ды көздейді. Одан бөлек, банк қызметкері бо­лып қоңырау шалып, зейнеткерлердің банк есепшотындағы ақшаларын өздеріне аударып алуды мақсат ететіндер де аз емес. Осындай алаяқтардың құрбаны бол­мас үшін азаматтарға мынадай қауіпсіздік ша­раларын сақтау керек. Айталық, пас­порт­тық және өзге де дербес дерек­те­ріңіз­бен ешкіммен бөліспеңіз. Банк кар­таларыңыздың нөмірлерін, пин-кодты, сон­дай-ақ ұялы телефонға келіп түскен SMS парольдерін, тіпті егер сізге Банк қызметкерлері ретінде таныстырған болса да бермеңіз. Жалпы, мұндай деректерді ұя­лы телефон арқылы алаяқтар ғана сұ­райды. 

Сайттардан қандайда бір зат сатып ала­тын болсаңыз, ақпаратты, әсіресе жақ­сы басылған ақпаратты мұқият және то­лық оқып шығыңыз. Сізге онлайн режи­мін­де берілген кез келген ұсынысқа сын көз­бен қарауға тырысыңыз. Мәселен, тауар­ды сатып алу кезінде алдын ала тө­лем жасау керектігін ескерсе, оған мүлдем ке­ліс­пеңіз. Белгісіз адамдарға ақша аудар­маңыз. Жеке куәлігіңіздің, банк картаңыз­дың және тағы басқа да құжаттарыңыздың суреттерін ешкімге жолдамаңыз. Өйткені ондағы нөмірлер алаяқтардың қолына түс­се, олар әп-сәтте сіздің атыңыздан не­сие рәсімдеуге мүмкіндік алады. 

Біз айтып отырған алаяқтық әдістер бү­гінде қоғамда кең таралуда. Және алаяқ­тардың ақша жымқыру тәсілдерінің бұ­дан да басқа түрлері болуы мүмкін. Көп жағдайда қарапайым адамдар алаяқтардың оңай олжаға кенелуге бағытталған алдам­шы әдістеріне сеніп, опық жеп қалады. Мұны да ескерген жөн. 

Ішкі істер министрлігі алаяқтық қыл­мыстарды болдырмау және онымен күре­су үшін CyberPol соққы-нысаналы тобын құр­ған болатын. Бүгінде еліміздің барлық өңі­рінде аталмыш топ пилоттық жоба ре­тінде іске асырылуда. Түркістан облыс­тық полиция департаменті мамандарының мәлімдеуінше, CyberPol соққы-нысаналы тобы құрылғалы бері өңірімізде 8 қыл­мыс­тық топ пен 58 қылмыскер құрық­та­лып, 97 қылмыстық іс сотқа жолданған. Ал жалпы облыста жыл басынан бүгінге дейін интернет-алаяқтық бойынша 311 қыл­мыстық іс тіркелген. Құқық қорғау­шылар оның 47,7 пайызының ашылғанын айтады.

Алаяқтық жолмен оңай олжаға ке­нел­гісі келетіндер қатарында адамдарға бел­гілі бір мерзім ішінде ақшаларын бірнеше пайызға көбейтіп беретіндіктерін айтса, екін­шісі мемлекет тарапынан жұмыссыз жүр­ген жандарға кәсіп ашып, «екі қолға бір күрек» табу мақсатында берілетін қай­тарымсыз грантқа қол жеткізуге уәде ете­ді. Одан бөлек, баспана мәселесін ке­зек­ке тұрмай-ақ шешіп беремін деп алдау­сыратады. Әлеуметтің жанды жерін дөп ба­сатын алаяқтар елдің қаржылық сауат­ының төмендігін осылай пай­да­ланады.

Ал Мемлекет басшысы биылғы 1 қыр­күйектегі Қазақстан халқына Жол­дауында халықтың шамадан тыс қарыз алу мәселесіне ерекше көңіл бөлген болатын. Парламенттік тыңдау барысында несие мәселесінің күрделі екенін, азаматтардың тұтыну несиелері бойынша қарыздық жүктемесін шектеу шаралары заңнамалық деңгейде қайта қаралатынын, сондай-ақ ке­пілсіз онлайн несиелеу сегментіндегі борыштық тәуекелдерді төмендету мә­се­лелері қарастырылып жатқаны сөз болды. Мұ­ның барлығы да елдің қаржылық сауат­тылығына келіп тіреледі...

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы