Сыр өңірінде осыдан төрт жыл­дан астам уақыт бұрын қабырғасы қаланған аурухана құрылысы аяқ­сыз қалғалы тұр. Бүгінде жаңа да заманауи емдеу мекемесінің игілігін көреміз деген халықтың үміті көзден бұлбұл ұшқан.
Келбетінен айырылған кент
2,334
оқылды

Қазір еміне шипа іздеген халық аудан орталығына сабылып баруға мәжбүр. Ең алғаш кенттен 40 төсектік дербес ауру­хана салынатынын естіген жамағаттың қуанышында шек болмаған еді. Бас­тапқыда үлкен қарқынмен жүргізілген емдеу нысанының жұмыстары соңына жетпей тоқтады. Кейіннен белгілі болғандай, құрылысқа бөлінген қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.  

Жалпы, кентте 20 мыңға жуық халық тұрады. Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдың бір ауруханаға сұранып тұрғанына біраз болған. Бұрынғы емдеу мекемесінің тозығы жетіп, медициналық талапты өтемеді. Ал екі ортада қатынап ем алу жергілікті жұртшылыққа айтарлықтай қиындық туғызып келді. 

Негізі, Сексеуілден сапалы медици­налық көмек көрсетуге негізделген аурухана салу ісі 2019 жылы бастау алды. Бірақ іргетасы құйылып, төрт қабырғасы қаланған ғимараттың соңы сиырқұйым­шақтанып кетті. Әлі күнге дейін оның қашан аяқталатыны көпшілікке бей­мәлім күйде қалып тұр. 

«Осыдан 4-5 жыл бұрын кентімізде ау­рухана салу  басталды. Сол аурухана құрылысының әлі күнге дейін бітер түрі көрінбейді. Алғаш ауылымызға 40 тө­сектік емдеу орны салынатынын есті­генде қуанған едік. Өйткені бұған дейін ауылымызда перзентхана жоқ, емделетін емханамыз ескі болды. Ауырған жағдайда сонау 60 шақырым жердегі Арал ауданы орталығына барамыз. Бұл бізге қауіпті және ыңғайлы емес. Аудан мен кент ара­сында жол-көлік апаты салдарынан адам өлімі де жиі кездеседі. Соған орай құры­лыс жұмыстарын жеделдете жүр­гізсе деген талабымыз бар», – дейді Сек­сеуіл кентінің тұрғыны Айбатыр Жақсыбаев.

Кент халқы жыл сайын аурухана құрылысының жалғасатынына үмітпен қарап, күндерін өткізіп келеді. Ауыл мен аудан әкімдерінің құрғақ уәдесіне әбден тойғанын айтқан халық Прези­дентінен қолдау күтетінін де жеткізіп отыр.

«Ауыл мен аудан әкімдерінің уәдесіне әбден тойдық. Кентте қандай жұмыс басталса да, аяғына дейін жеткен емес. Атап айтсам, кенттегі көгілдір отын тарту жұмыстары көңілден шықпай тұр. Нақты айтқанда, кентке 2022 жылы газ тарту жұмыстары бастау алуы тиіс бо­латын. Сол жылы аудан әкімі мердігер компаниямен арнайы келіп, кентті кө­гілдір отынға қосу жұмыстары бас­та­латынын айтқан. Бірақ бір жарым жыл өтсе де, әлі қозғалыс көрінбейді. Ал аурухана құрылысының созбалаңға салынғанына талай жыл өтті. Ең алғаш құрылыс жұмысын қолға алған мердігер қаржы қитұрқылығымен жауапкер­шілікке тартылып жатқаны сөз болды. Жұмыстар қайта жалғасатыны айтылды. Бірақ нәтиже көрмей отырмыз. Аудан әкімі тарапынан жыл сайын құрылыс материалдарының қымбаттап жатқаны, бұрынғы қаржының жетіспеушілігі жұ­мысты жалғастыруға қолбайлау болып отырғаны желеу болып келеді. Ал облыс әкіміне осы мәселе жайында айтуға еш мүмкіндігіміз болар емес. Себебі Қызыл­орда облысының әкімі Сексеуілге келіп, халықпен бірде-бір рет кездескен емес. Сонда халықтың мәселесін кім қарайды? Ендігі кезекте ел Президентінен пәрмен күтеміз», – деп ағынан жарылды кенттің тағы бір тұрғыны Ғабит Мырзашев.

Бұл емдеу нысанын салуға Қызыл­орда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тікелей жауапты екені белгілі. Соған орай аталмыш басқармадан аурухана құры­лысы жайында сұрап көрдік.

Басқарманың мәлімдеуінше, Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысын салуға тапсырыс беруші мекеме мен «Атамекен» ЖШС арасында 2019 жылы 26 нау­рыздағы №41 нөмірлі шарт жасасқан. Шарт бойынша жобаның жалпы сомасы 772 млн 800 мың теңгеге бағаланыпты. Ең алғаш Қызылорда облысы мемле­кеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқар­масының рұқсатымен құрылыс-монтаж­дау жұмыстарын жүргізу 2019 жылғы 6 маусымда бастау алады. Облыстық бюд­жет есебінен 2019 жылға 50 млн және 2020 жылы 130 миллион теңге қаралып, иге­рілсе керек. Алайда тиісті жұмыстар жал­ғасын табуына кейбір қаржы қитұр­қылықтары кері әсерін тигізген.

«Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсан­дағы №648 бұйрығымен бекітілген мем­лекеттік сатып алуды жүзеге асыру қа­ғи­­да­ларының 20-қосымшаның 9,3-тар­ма­ғына сәйкес, аталған нысан бойынша төмендегі негіздерге бай­ла­нысты жұмыс тоқтап қалды. Атап айт­қанда, құрылыс жұмыстарының орын­далу мерзімі бір­неше рет бұзылған және ол туралы тап­сырыс беруші, техникалық, авторлық қа­да­ғалаушы тарапынан мер­дігерге бір­­неше рет ескерту берілген. Басқар­ма­мен 2021 жылдың 09 мау­сымында шарт біржақты бұзылды.  2022 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға қалдық қаржысымен мемле­кеттік сатып алу пор­талына конкурс жарияланып, кон­курс екі мәрте өтпеді деп танылды. 2023 жылғы 14 наурыз айында жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №57 шар­ты негізінде бір көз­ден алу тәсілімен «Қызылорда облысы Арал ауданы Сек­сеуіл кентінде 40 тө­сектік аурухана құ­ры­лысын аяқтау» жо­басының құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауды қалдық қаржысымен бітіріп беру жөнінде  «Ин­тегрострой» ЖШС-мен шарт жасалды. Алайда жоба-сме­талық құжаттама 2015 жылы әзірленіп, сараптаманың оң қо­рытындысын алған болатын. Бүгінде құрылыс-монтаж жұ­мыстарын жүргізу үшін нарықтағы құрылыс материал­дары­ның бағасы бірнеше есе қымбат­тауына байланысты құрылыс жұмыс­та­рына бө­лін­ген қаржы аурухана құры­лы­сын аяқ­тауға жеткі­ліксіз. Сондықтан «Қызылорда облысы Арал ауданы Сек­сеуіл кентінде орна­ласқан 40 орындық аурухана» ны­саны құрылысының жоба-сметалық құжат­та­маларына қайта түзету еңгізу жұ­мыс­тары жүруде, сараптаманың оң қоры­тындысы алынған соң тиісті қаржысы бюджеттен сұралып, құрылыс жұмыс­тары қайта жал­ғасатын болады», – де­лінген құзыр­лы басқарманың жаз­баша жауабында.

Сақалды құрылысқа айналған ауру­хананың ахуалы төңірегінде Арал ауданы әкімдігінен де сұрадық. Аудан әкімдігі тарапынан құрылыс нысанының жал­ғасын таппай отырғаны тағы сол құ­рылыс материалдарының нарықтағы бағасының өсуімен байланысты екенін жеткізді. Сол себепті бұған дейін бөлін­ген қаржы құрылысты аяқтауға жетпей тұрғанын алға тартып отыр. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жат­қанын айтып, алдағы жыл еншісінде құрылыс нысаны толық аяқталатынына сендірді.

Ал Сексеуіл халқы құрғақ уәдеден әбден шаршағанын айтады. Төрт жыл­дан астам уақыт күтумен тағаты таусыл­ған халық ендігі кезекте облыс әкімінен үміт болмаса, Президентке шағымдану­ға мәжбүр екенін мәлімдеді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы