Шымкент қаласында ең үлкен жылыжай салынатыны жөнінде бұған дейін де айтқан едік. Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов жалпы сомасы 662 млн АҚШ дол­ларға шетелдік екі компаниямен меморандумға қол қойған-ды.
Агроөнеркәсіптік кешен  дамып келеді
632
оқылды

Соның бірі – Түркияның Alarko Holding атты ірі компаниясы қала аумағында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салу бойынша  650 млн АҚШ доллар қаржы көлемінде инвестициялық жоба ұсынды. 

Жылыжайда қызанақ теру маусымы

Өздеріңізге белгілі, Шымкент – көкөніс, жеміс-жидегімен шетелдерге де танымал қала. Соңғы жылдары, әсіресе жылыжай саласына қызығушылық та­нытқан кәсіпкерлерді қолдау үшін мем­лекеттік бағдарлама аясында субсидия қаралған. Соның нәтижесінде қала аума­ғында өндірістік жылыжай кешендерінің қатары көбейді. Қазірдің өзінде қалада көкөніс өсіріп отырған 139 гектар жылы­жай бар. Өнімділікті арттыру мақсатында биыл минералды тыңайтқыштар, тұқым шаруашылығын дамыту, пестицидтер мен биоагенттерді субсидиялау бағдарламасы аясында кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан өтеліпті. Бұдан бө­лек, қаланың Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәлім­деуін­ше, жылыжайларды жылыту мақсатында қолданылған электр қуаты, көмір мен газ шығындарының 20 пайызын субси­диялауды жоспарлап отыр.

Мемлекеттік қолдауға ие болып отыр­ған «Ифтихари» шаруа қожалығындағы жылыжай кешенінде жылына 500 тонна өнім жиналады. Аумағы 2 гектар жылы­жайда қазір қызанақ теру маусымы жүріп жатыр. Жұмысшылар қызарған өнімді қораптарға жинап, солтүстік өңірлерге жөнелтпек.

– Жылына екі рет көкөніс көшетін өсіреміз. Ерте көктемде қияр өнімін же­тілдірсек, күзгі диқаншылыққа қызанақ ыңғайлы. Жылыжай Голландия техноло­гиясымен жабдықталған. Осы маусымда қызанақтың «Торетто» сортын өсірдік. Әр түп көшет 5-6 келі қызанақ береді. Өнімді қаладағы базарларға мен солтүстік өңір­лерге тасымалдаймыз. Диқаншылық үшін жылыжайдың әр гектарына, тұқымға және өсімдікке қажетті минералды тыңайт­­қыштарға мемлекеттің қолдау субси­диясын алдық, – дейді шаруа қожалық жетекшісі Фаррух Ифтихари.

662 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция жылыжай салынуға бағыт­талса, Шымкент жылыжайына тең келер өңір болмай қалады. 

Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отыр

Жалпы, еңбек еткенке мол мүмкіндік бар. Жылыжай салудан бөлек, ауыл шаруашылығының басқа да түрлеріне мемлекет тарапынан қолдау көп. Шым­кентте 3 400-ден аса шаруа қожалығы мен фермер бар. Оның ішінде 785-і мал шаруашылығы, 6-уы балық шаруашы­лығы, 4-і құс және 60 шаруа омарта (бал ара) шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруашылықтардың негізгі мақсаты – қала халқын жергілікті жерде өндірілетін сапалы азық-түлікпен қамту. Жыл ба­сынан бері шаруалар 8,8 мың тонна ет бордақылап, қала халқына қажетті 18,1 мың тонна еттің 34 пайызын берген. Шымкенттіктердің жыл сайынғы сүтті тұтыну қажеттілігі 101,4 мың тонна болса, оның 51,4 мың тоннасын жергілікті шаруа қожалықтары өндіреді. Ал құс ферма­ларында өндіріліп жатқан 141 млн жұмыртқа тұрғындарға қажетті азықтың 83 пайызын қамтып отыр.

Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаудың негізі міндеті де осы – қаладағы азық-түлікті өз қаламызда өндіру. Мал шаруашылығына мем­лекеттік қолдау көрсету үшін «Асыл­тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруа­шылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдар­ламасымен 2023 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен ірі қара, қой, жыл­қылардың аналық басына арналған жем-шөп сатып алу шығындарын арзандату үшін 234,1 млн теңге қаржы қаралыпты. 

Жалпы, қала аумағында 62 965 ірі қара, 72 336 қой, 5 324 ешкі, 10 580 жылқы, 1 305 шошқа,  930 010 құс бар. Сай­рам тұрғын алабындағы «Ал­тынсай» шаруа қожалығы осы мемлекеттік қолдау­дың арқасында шаруасын дөң­гелетіп, фермада бүгінде мал басы 1 000-ға жетіп, жылқы мен бөдене шаруашылығын да дамытып отыр.

– Етті бағыттағы ірі қараларды өсіру­ді 2016 жылы 500 ірі қарадан бастадық. Бұқаларды солтүстік өңірден, ал жыл­қыларды Ресейден әкелеміз. Өйткені Ресей жылқылары қазақы жылқыға қарағанда ірі әрі етті келеді. Жылқыны 4-6 ай аралығында бағамыз. Тайлар 300 келі, ірі жылқы 500 келіге дейін ет береді. Мемлекеттен аналық жылқы үшін субсидия аламыз. Мұндай қолдау шаруа­шылықты кеңейтуге біршама көмек бол­ды. Ай сайын 250-300 жыл­қыны бор­дақылап, 75 тонна ет аламыз. Ірі қараны бағу мерзімі көп уақытты алады. Сон­дықтан айына 150-200 басты бордақы­лаймыз. Жылына 750 тонна жылқы, 650 тонна ірі қараның етін Шым­кент қала­сынан бөлек, Астана мен Қ­ара­ғанды қалаларына тасымалдай­мыз, – дейді қожалық жетекшісі Сардар Қожахметов.

Бұған қоса, қожалықта еті мен жұ­мырт­қасы адам ағзасына өте пайдалы, түрлі ауруға шипа болатын бөдене құсын да асырауда. Бүгінде 40 мың бөдене өсіріп отыр. Оның жұмыртқасы мен еті қала аумағымен қатар, көршілес облыстар мен Астана қаласына дейін жеткізілуде. 

Назгүл НАЗАРБЕК, 

Шымкент қаласы