Кейін өмір сахнасында Тұңғышбай ұстазының басына бұлт үйірілгенде де, өзгелер жалт бергенде, жанынан табылған бұл ашық қолдау жасап, ұстазға деген адалдығынан танбады.
Тұңғышбай Жаманқұлмен бірге соққыға жығылған - Қазыбек Иса Асқар Наймантаев туралы естелігімен бөлісті
1,609
оқылды

Белгілі ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса сатиралық сахна саңлағы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантайдың бақи дүниеге бет түзегеніне қамығады, - деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ол өткенде ғана ауруханада жатқан жүдеп кеткен суретін көргенде секем алып қалғанын есіне алады.

"Кезінде бірге істеген досы, белгілі әнші Ералхан Әбішпен сөйлескенде, ол да күдіктеніп қалғанын айтып: “Мұхамеджанмен (Гитлер) сөйлесіп, “жағдайын біліп, халін  сұрап келіңдерші, не болыпты” деп жігіттерді жібердім”, - деген еді…

Ажал ақыры дегеніне жетіпті. Алла алдынан жарылқасын!

Былтыр күзде мен ауырып, күрделі жүрек отасын жасатып жатқанда қолдап, демеу беріп жазған мыңдаған ағайындардың ішінде, Асқар бауырымның да жазбасы жанымды жадыратып еді.

“Жүрек жұтқан ерлердің қатарынан деп жүрміз ғой Сізді. Сол жұтқан жүректердің біреуін іске қосыңыз да, қатарға қосылыңыз", -деген әдемі әзілі күмәнданып, тұманданып тұрған көңілді шәйдай ашып, күлдіріп, қуат берген еді…",  - дейді ақын.

Қазыбек Иса Асқар марқұмның халық театрының жоқшысы болғанын атап өтеді, 2021 жылы Парламент Мәжілісі әлеуметтік-мәдени даму комитеті парламент тарихында тұңғыш рет тек қана мемлекеттік тілде шығармашылық одақтардың жағдайын қараған, оларға “мемлекеттің стратегиялық серіктесті” статусын ұсынған республикалық келелі кеңес өткізген. Сол жиынға Асқар да қатысып, халық театрларын ашуды, оларға мемлекет қолдау жасауы мәселесін көтеріпті. Ол бұл мәселені соңғы демі қалғанша қозғап, шырылдап өтті. 

2020 жылы Алматы облысы Райымбек ауданында "Хантәңірі" және Ұйғыр ауданында "Қарадала" театрларын ашты. Ол театрлардың ашылуы Республика көлемінде елеулі оқиға болды. Екі театр ашыла сала Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен Халықаралық фестивальдің Гран при  жүлдесіне ие болды. 2015 жылы  Еңбекшіқазақ ауданында Қаракемер балалар театрын ашып, алға сүйреп келе жатқан еді.

Депутат марқұмның артында қалған, өзі құрған халық театрларын иесіз,  жетім қалдырмауды билік орындары назарда ұстауы тиіс дейді.

"Асқар мұзбалақ ақын Мұқағалидың  мұрасын да насихаттаушы ретінде бірнеше үлкен жобалардың авторы болды. “Тамаша” театрына үлкен үлес қосып, “Терісқақпай”, “Гәкку” сатира театрларын ашты.

Асқар ұмытпасам, Алматы театр-көркемсурет институтында оқып жүргенде, бір топ студенттермен бірге 1986 жылы әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысқан. Азаттық алаңында ұстазы, Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлмен бірге болып, екеуі де соққыға жығылған. Асқар алаңдағы азаматтығынан ешқашан айныған жоқ. Кейін өмір сахнасында Тұңғышбай ұстазының басына бұлт үйірілгенде де, өзгелер жалт бергенде, жанынан табылған бұл ашық қолдау жасап, ұстазға деген адалдығынан танбады. Бұл сын сағатта байқалатын үлкен азаматтық, адалдық  һәм адамгершілік!

Бүгін Асқарды жоқтап жатқан қалың елмен бірге ақын, VII шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, мәдениетке қарлығаштың қанатымен су тасығандай қамқор болып жүретін Мақпал Мыса қарындасы жазғандай, жақында ғана “Хабар” арнасында өтіп жатқан “Мәртебелі өнер” бағдарламасына қатысып кеткен екен. “Жүректің сыздап тұрғаны-ай… Сене алар емеспін. Ағатайым-ай… Ағалар көп шығар. Бірақ сіздей аға жоқ, қамқорым-ай…

Соңғы рет ел алдына біздің хабарда шыққан екенсіз ғой…”-деп жоқтапты асыл ағасын Мақпал қыз…", - деп жазылған ақынның естелігінде.